Қаңтарда Алматыда зақымданған пәтерлердің 50 пайызы қалпына келтірілді

04.02.2022 00:41

Жайлы қалалық орта басқармасы тұрғын үйлерді жөндеу жұмысы қашан аяқталатынын айтты

Almaty.tv

Қаңтар оқиғасында Алматыда зақымданған баспаналардың 50 пайызы қалпына келтірілді. Бұл туралы қаланың Жайлы қалалық орта басқармасы мәлімдеді. Сондай-ақ тұрғын үйлерді жөндеу жұмысы қай уақытта аяқталатынын да айтты. Almaty.tv тілшісі бүлінген үйдің тұрғындарымен және әкімдік өкілдерімен тілдесіп қайтқан еді.

  

Қала тұрғыны Мәнсия Жұмақанова сол күндерді қорқынышпен еске алады. Оның сөзінше, бейберекетте шашыраған оқтар терезені тесіп өтіп, үйдің берекесін алған. Абырой болғанда, отбасы мүшелері зардап шекпепті.

«Балкон мен ұйықтайтын бөлменің терезесін сындырып өтті. Біз сол кезде басқа бөлмеде отырдық. Сол сәттен бастап қорқа бастадық. Терезенің маңына да жоламай, алыс жерде отырдық», - деЙді қала тұрғыны Мәнсия Жұмақанова.

Аласапыранда терезесі шағылған үйдің тұрғындары сол кезде бірлік танытып, Медеу әкімдігіне өтініш қалдырған. Осылайша, қалпына келтіру жұмыстары басталған екен.

Республика алаңының маңында орналасқан дәл осы тұрғын үйдің 45 пәтері Қаңтар оқиғасында терезесіз қалған еді. Кейін тиісті жұмыстар атқаралып, өздеріңіз көріп тұрғандай барлық терезе қалпына келтірілді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жалпы мегаполисте 80-ге жуық баспана қаңтарда зардап шеккен. Бір қызығы, оларды жөндеу жұмысын мердігер компаниялар толық өз мойнына алып, тұрғындарға тегін қызмет көрсетіпті. Одан бөлек, Жайлы қалалық орта басқармасының өкілі қай аудандарда неше пәтер зардап шеккенін айтты. 

«53-і Медеу ауданында орналасқан. Сол 53 үйдің 45-і бүгін толық жөнделді. Қалғанында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бостандық ауданындағы 20-23 шақты пәтердің терезелерінің өлшемін алып, жұмысқа бердік. Оның бәрі дайын болғаннан кейін, орнату жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді Жайлы қалалық орта басқармасы басшысының орынбасары Олжас Тәжібаев.

Әкімдік өкілінің айтуынша, қалпына келтіру жұмыстары алдағы 10 күнде, тіпті одан да ерте аяқталуы мүмкін. Сондай-ақ жөндеу жұмыстарын қадағалып отыратынын жеткізді.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы