Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесті
Алматының Әуезов ауданында 14 мыңға жуық бала тегін шығармашылық және спорттық үйірмемен қамтылды. Қала әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесуінде осылай деді. Бұл бағытқа бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлініп, бірінші жартыжылдықта оның 2 млрд теңгесі игерілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуезов ауданының тұрғындары Төле би көшесін ұзарту ісінің созбаққа салынғанына алаңдаушылық білдіріп отыр. Халық кей жерде арықтардың топыраққа толып тұрғанын айтып, шаһар басшысынан шаруаның тездетіп шешілуін сұрады.
– Біз «Ақсай-3б» шағынауданының тұрғындары Төле би көшесінің жай-күйіне алаңдаймыз. Аулаларға кіреберіс жердің де жағдайы мәз емес, бұл жұмыс қашан бітеді? – деді қала тұрғыны.
– Басты мәселе – жер телімін сатып алу. 160 учаскенің 140 жер телімі сатып алынды, біреуі сатып алынып жатыр, жетеуі сот процедурасында, 12-сі қаралып жатыр. Жыл соңына дейін учаскелерді сатып алу ісі аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Қалалық мобилділік басқармасының басшысы мен аудан әкіміне аулаларға кіреберісті ретке келтіруді тапсырамын. Жоба аясында тротуарлар мен арықтар жабдықталады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Жалпы ұзартылатын аумақтың ұзындығы – 2,2 шақырым. Бүгінде жер төсемінің негізін салу, инженерлік коммуникацияларды қайта құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал құрылыс-монтаждау жұмыстарын келесі жылдың соңында аяқтау көзделген. Сондай-ақ кездесу барысында инклюзивті орта құру мәселесі сөз болды. Тұрғындардың осы жөнінде қойған сауалына қала әкімі «жерүсті өткелдеріндегі жеделсаты мен көтергіш құрылғылар жаңа стандартқа сай жөнделеді» деп жауап қатты.
– Қала бойынша көпірлерде жеделсаты бар. Оларды күтіп ұстауға және пайдалануға ақша бөлінеді, бірақ олардың бәрі бірдей жұмыс істей бермейді. Кілт мәселесі де бар. Қашан тәртіп орнатылады? – деді қала тұрғыны.
– Арнайы комиссия құрдым, оны өзім басқарамын. Қала құрылысы кеңесі қарайтын мәселелер қатарына инклюзивті қоғам құру да кіреді. Құрылыс жүргізу ережесіне сай, қазір осындай өкілеттікке ие болдық. Мемлекет басшысы Алматының ерекше мәртебесі туралы заңына енген өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды, онда нысандарды қабылдау, инклюзивті талаптар бойынша мәселелер қаралады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Ал лифт кілтінің орнына мегаполис басшысының айтуынша, қарттар мен ерекше қажеттілігі бар жандарға, олардың жеңілдетілген санатын ескеретін «Оңай» карталарын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, тек Әуезов ауданында жыл соңына дейін 5 жерүсті өткелі жаңа стандарт бойынша қайта жаңартылады.
Қала әкімі кездесуде 20-дан астам сұраққа жауап берді. Тұрғындар әлеуметтік саладағы мәселелерді қозғады.
Айта кетейік, бұл – шаһар басшысының аудан азаматтарымен биылғы екінші кездесуі. Мегаполис әкімі маусымда Әуезов ауданын аралау кезінде өзекті мәселелермен танысып, ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерін салу және модернизациялау барысын тексерген.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесті