Open Almaty сынды жобалар креативті жобалардың көшін бастап тұр
Тарихтан тағылым алып, даму қарқынын үдете түскен тәуелсіз Қазақстан бүгінде болашаққа деген бағдарын жаһандану жүйесімен ұштастырып келеді. Ел экономикасында маңызды рөлге ие туризм саласына заманға сай көзқараспен қарап, цифрлық дамуды ел іргесін нығайтатын басты құрал деп санаған жасампаз еліміз қазір ұтымды шешімдер қабылдап келеді. Ал қоғаммен байланысып, ел арасындағы түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге арналған Open Almaty сынды жобалар креативті жобалардың көшін бастап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бағытын «Болашаққа ұмтыл» деп бастаған бағдарлама Қазақстанның қаржы қоржынын туризм саласымен қампайту керек дегенді меңзейді. Жеті рет өлшеп бір рет кесілген «2050 даму стратегиясы» бойынша қазір нақты қадамдар да бекітілген екен. Сондықтан елімізге туристер тартып, туризмді дамыту үшін 84 миллиард теңге бөлініпті. Осы орайда үстіміздегі жылы 3 ірі қонақүй салынып, шетелден келген туристер саны 42 пайызға артыпты.
Туризм саласындағы тың идеялар қазір рет-ретімен жүзеге асып жатыр дейді мұндағы мамандар. Мәселен, «Бутаковка» бекетінен көбінде шетелдік туристер жиі өтеді екен. Олардың назары көбінде мұндағы таза табиғат пен саф ауаға ауады екен. Ал дәл осы жерден бес шақырым жердегі сарқырама үшін келетін туристер саны өте көп дейді.
«Қолайлы, демалатын орындар істеп жатыр. Әкімдік тарапынан орындықтар қойылып жатыр. Қызметкерлеріміз қоқыстарды тазалап отырады. Бұл жерге туристер негізінен, сарқырамаға келеді», – деді Іле Алатау ұлттық паркінің инспекторы Нұркен Сәдуақасов.
Ал қоғаммен байланыс орнатып, ел ішіндегі түйткілді мәселелерді қаузап отыру дамушы Қазақстанның жарқын қадамдарының бірі екені рас. Осы тұста Open Almaty мен Akimat Live жобалары бұқара мен билік арасын жақындастыратын алтын көпір болып қала бермек. Соның бірі мысалы, Наурызбай ауданындағы «Жастар форумы 2021» бағдарламасы болып отыр. Токио Олимпидасының чемпионы боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен Наурызбай ауданы әкімі Санжар Әділұлы сөз бастаған форум жастар мен қоғам қайраткерлері арасында ашық пікір алмасу форматында өтті.
«Егер ертең танымал, атақты адам болып кетсең, соны көтере алатын сенде ішкі салмақ бар ма? Соны көтере алатын дарын бар ма? Міне, жастар соны ойлауы керек», – деді әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Бағлан Әбдірайымов.
Креативті экономика саласында көш бастап келетін алып Алматы бүгінде ел экономикасының дәл осы бағыты бойынша 1,7 пайызын қамтып отыр екен. Бұл дегеніміз, 45 мың адамды 17 мың мекеме мен жеке кәсіпкерлік нысандар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
«Креативті индустрия ол біздің барлық салады маңызға ие. Жаңа тауардың жарнамасы, дизайны, оны жеткізе білу, бәрі-бәрі осыған тиісті. Болашақта әлем елдерімен тең түсу үшін қазір жарнама мен креативті ойлау психологиясын дамытуымыз керек», – деді Алматы креативті индустрия басқармасының басшысы Қайсар Сарыбаев.
Қоғамдық қауіпсіздік саласы, цифрлы Алматының ең қуатты тұсы болуы тиіс деген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қазір бұл салада жетекші мамандарды жұмылдырып отыр. Жас роботшы Бағдаулет Нұрланұлы айти саласын мектеп қабырғасынан тереңдетіп оқытса, цифрлы елді сиқырлы тетіктермен-ақ басқаруға болады дейді.
«Киберқауіпсіздік еліміз үшін аса маңызды. Өйткені теңге валютасы әлем бойынша қазір ең қауіпсіз валюта болып саналады. Сол секілді, киберқауіпсіздік қазір мемлекеттік мекемелерде де сақталады», – деді жас работатехник Бағдаулет Нұрланұлы.
Жас талант қазірдің өзінде әр азаматтың жеке басы ақпаратын қауіпсіз жерде сақтайтын жүйе ойлап тауыпты. Десе де ол қазір толық құрастылып жатқан көрінеді. Сондай-ақ сүйікті қаласы Алматыға арнаған жобасын, Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде таныстыруды бақыт деп санайтынын жеткізді.
Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы