Биыл Алматыда 4 мыңға жуық отбасы баспаналы болып, жаңа пәтерлерге қол жеткізді. Үйлі болғандардың дені көпбалалы, толық емес отбасылар мен үй кезегінде тұрған азаматтар. Пәтерлерді үлестіру «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Алматы жастары» сияқты бағдарламалар аясында жүзеге асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Санжар Қалиев Наурызбай ауданындағы жаңа үйлердің бірінен баспаналы болған. Энергетикалық компанияда жұмыс істейтін азамат бір бөлмелі пәтерді «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 жылға жалға алыпты. Үйлерді жалға алу бағасы айына орта есеппен 9 мыңнан 11 мың теңге дейін барады екен. «Бұл мен сияқты жастарға өте тиімді» дейді ол. Алға қойған мақсаты да жоқ емес.
«Үй жақсы. Аудан да жаңа. Осы үйде тұрып, жұмысымызды істеп, «Отбасы банкіне» ақша салып, дер кезінде өзіме баспана алсам ба деген ойым бар», – дейді қала тұрғыны Санжар Қалиев.
Ал бұл – көпбалалы ана Қорлан Қадырқұлованың үш бөлмелі пәтерге қол жеткізген сәті. Тұрғын биыл күзде су жаңа үйдің кілтін алған еді.
«8 жыл мына пәтер жалдап тұрған едік. Төрт баламен 18 шаршы метрде тұрып келдік. Енді міне, Алланың балаларыма берген несібесі ретінде мына үш бөлмелі пәтерге ие болып отырмыз. Бақыттымыз. Осындай қуаныш бәріне жұғысты болсын», – дейді көпбалалы ана Қорлан Қадырқұлова.
Жалпы, былтыр Алматының 5400 тұрғыны баспанаға қолы жетіп, қоныс тойын тойлаған. Ал биыл жыл басынан бері 3 903 адам тұрғын үймен қамтылды.
Соның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 441 несиелік қарыз, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 2 146 пәтер беріліпті. Осы арқылы көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үйлі болған. Ал «Алматы жастары» жобасы негізінде жеңілдетілген несиемен 973 пәтер беру мақұлданыпты. 5 пайыздық мөлшерлемемен несиеге берілетін бағдарламамен денсаулық, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік және БАҚ саласының мамандары баспанаға қолжеткізді.
«Алматы қаласында 32 мыңнан астам мұқтаж азамат кезекте тұр. Осы 32 мың мұқтаж азаматтың санын азайтып, олардың өз пәтерін тездетіп беру мақсатында республика деңгейінде, қала деңгейінде түрлі бағдарлама іске қосылып отыр. Соның ішінде жалға берілетін жастарға арналған бағдарлама, «Алматы жастары» бағдарламасы іске қосылды. Коммуналдық тұрғын үй қорынан 343 пәтер бөлінді», – деді Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров.
Бұдан бөлек, биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 343 пәтер бөлінген. Осылайша, биыл да мыңдаған отбасы өз үйіне қоныстанып, баспана мәселесін біржола шешкен.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы