«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үйсіз қалуы мүмкін

30.06.2020 00:53

Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыратын қаржы мекемесі құрылыс компаниясы тарапынан бірқатар олқылықтарды анықтапты

Almaty.tv

Алматыдағы Әуезов ауданында орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінен банк арқылы пәтер алған азаматтар жарты жылдан бері үйлеріне қоныстана алмай жүр. Көпқабатты үй қолданысқа берілсе де, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыратын қаржы мекемесі құрылыс компаниясы тарапынан бірқатар олқылықтарды анықтапты. Жағдайдың мән-жайын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін анықтап көрді.

Еркін Дәндібаев былтыр өзінің бір бөлмелі пәтерін сатып орнына жаңа үй алмақшы болған. Қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінен пәтер тауып оны банк арқылы несиеге рәсімдеуге бел буыпты.

Бұл – дәл сол Еркіннің айтып отырған тұрғын үй кешені. Мұндағы пәтерлердің бірінен кейіпкерлеріміз көктемде үй алуы керек  болған. Бірақ әлі күнге дейін баспанаға қолдары жетпей жүр. Десе де пәтердің жарты ақысын жинап қойған.

Үй алу үшін отбасы банкке үш жыл ақша жинаған. Бірақ оның сөзінше банк құрылыс компаниясы тарапынан түрлі заң бұзушылықтар барын анықтап, бұл тұрғын үй кешенінен пәтер беру үшін келісім-шартқа бармай отырған көрінеді. Оған себеп учаске толықтай сатып алынбаған әрі бұл жерде су құбыры орналасқан.  

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» де барып, несиелеу шарттарына сай келемін бе, жоқ па, соны анықтадым.  Ондағы менеджерлер «иә, сізге беріледі» деген соң біз осы банкке салым жасап қаржы жинадық. Мұндағы пәтерлер 40 миллион теңге тұрады. Сосын бұл тұрғын үй кешені қаңтарда қолданысқа беріле бастады. Ал біз пәтердің 50 пайызын жинап қойсақ та, әлі үйсіз жүрміз», – деді қала тұрғыны Еркін Дандыбаев.

Тұрғын үй кешінінде 215 пәтер бар. Қазір мұнда он шақты жанұя қоныстанып алған. Еркіннің отбасы сияқты салым жасап несие алған тағы 20 шақты адам болған екен. Бірақ қазір олардың көбісі шығынданса да, басқа банктерге ауысып кетіпті.

«5-6 адам «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жинаған ақшасын алып басқа банктерге жіберді. Олар үшін қанша тиімсіз болса да қажетті несиелерін алды. Десе де біз ол борышкерлерге бұрынғы бағаны қалдырамыз», – деді құрылыс компаниясының директоры Серік Салықов.

Ал үйді салып отырған құрылыс компаниясы бұл жанұяға өзге салымшылар сияқты жасауды ұсынған. Бірақ оған қалтамыз көтермейді дейді Еркіннің жары.

«Біз басқа банктен ала алмаймыз. Өйткені біз 5 пайызбен алайық деп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» үш жыл жинадық. Басқа банктерде 7,8 пайызбен беріледі. Біз оны ала алмаймыз, бізге қымбат болып тұр. 5 пайызбен ғана ала аламыз, соған ғана жетіп тұр біздің ақшамыз»,  – деді қала тұрғыны Жанна Битебаева.

Біз банкке хабарласып жағдайдың мән-жайын анықтап көрдік. Бірақ ондағылар карантинді желеу етіп сұхбат беруден бас тартты. Алайда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы жазбаша түрде жауап қайтарды.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары үшін «Алтынсарин» тұрғын үй кешенінің пәтерлерін 3%-бен беру туралы құрылыс компаниясымен ауызша келіссөздер жүргізілген болатын. Бұл пәтерді арзан бағамен алуға және банк салымшыларының несиесін азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс компаниясының құжаттарын сараптау барысында банк тарапынан бірқатар олқылықтар анықталды. Егер ескертулер түзелмесе, банк пен құрылыс компаниясы арасында келісім-шарт жасалмайды», – деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ақ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Енді баспаналы болғысы келген жанұя әзірге пәтер жалдап тұруларына тура келеді. Әйтсе де Еркін қол қусырып отырмаймын дейді. Ол заңгерлердің көмегіне жүгініп, сотқа арыз жазбақшы.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы