Екі сағатқа созылған кездесуде 30-ға жуық сұрақ қойылды
Алматыда мектеп тапшылығы мәселесі шешіліп жатыр. Бүгін Әуезов ауданы халқымен кездескен қала әкімі Ерболат Досаев білім мекемесінің құрылысы жүріп жатқанын және 3 мемлекеттік оқу ордасына қосымша ғимарат салу жұмыстары басталып кеткенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен соңғы рет өткен жылы қыркүйекте кездескен. Арада өткен 5 ай ішінде халық тарапынан көтерілген мәселе аз болмады. Соның бірі – жол көлік оқиғасының жиілеуі мен көлік кептелісі. Бұл ретте тұрғындар арнайы ұсынысын да білдіріп жатты.
– Мегаполисте жеңіл көліктердің көбеюі кептеліс мәселесін ушықтырмаса, азайтпай тұр. Сол себепті қаладағы үлкен даңғылдарға жолүсті көпірлерін көбейтсек жөн болар деп ойлаймын. Өзге мемлекеттерде бұл тәжірибе іс жүзінде жүзеге асқан, – деді қала тұрғыны.
– Жақында «көлік қаңқасы» деп аталатын жобаның толық нұсқасы бекітілді. Бұл – ауқымды әрі күрделі жоба. Онда жол инфрақұрылымын дамыту саласындағы барлық бағыт қарастырылған. Оның ішінде сіз айтқан ұсыныс та бар, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Осы жоба аясында қалада БРТ, яғни автобус жолақтары көбеймек. Мақсат – қоғамдық көліктерге басымдық беру. Қала әкімі «қалада автобусқа отыратын адамдарға қарағанда жеңіл көлік жүргізушілерінің үлесі басым. Бұл көлік кептелісін ушықтырмаса, азайтпайды» деді. Сол себепті алдағы 5 жылда қоғамдық көлік пайдаланатындардың қатарын арттыру көзделгенін айтты.
– Райымбек даңғылына БРТ жобасы жасалатынын естідік. Қазір онда автобус жолағы болмағанның өзінде көлік кептелісі көп. Ертең БРТ пайда болса, мүлде жүру мүмкін болмай қалады. Ерболат Асқарбекұлы, жеңіл көліктердің жағдайы қалай болады? Тимирязев көшесінің күйін кешпейміз бе? – деді қала тұрғыны.
– БРТ жасалатын болады. Қарапайым халыққа жағдай жасауымыз керек. БРТ жобасы қаладағы жол инфрақұрлымын жақсартуға үлкен септігін тигізеді. Райымбек – қаладағы үлкен даңғылдардың бірі. Бойында Алтын Орда базары мен түрлі сауда орындары, аурухана мен емханалар бар. Сол себепті бұл тиімді жоба деп есептейміз, – деді қала әкімі.
Қала әкімінің халықпен кездесуінде жарықпен қамту мәселесі де сөз болды.
– Қазір Әуезов ауданындағы 7 және 10-шағынаудандарда көшеде жарық жоқ. Аудан тұрғындарымен сөйлескенімде, тіпті 1 жылға дейін қараңғы аулада отырғанын білдім. Аудан әкімдігіне қанша шағымдансақ та, еш нәтиже жоқ, – деді қала тұрғыны.
– Қазір көшелерді, аула ішін сыртқы жарықтандыру бойынша аудит жүргізіліп жатыр. Сіз айтқан шағынаудан тізімде бар. Қорытынды шыққаннан кейін жұмыс жүргізіледі, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Аудандағы тағы бір өзекті мәселе – мектептерде орын тапшы. Халық саны көп. Мемлекеттік бағдарлама аясында қазір ескі білім ордасы сүріліп, орнына жаңа нысан салынып жатыр.
Құрылысы жүріп жатқан жаңа білім ордасы 600 балаға арналған. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатыр. Әлеуметтік нысан биыл жаңа оқу жылында қыркүйекте пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Тиісінше заман талабына сай құрылғылармен жабдықталатын білім ошағына айналмақ.
Екі сағатқа созылған кездесуде 30-ға жуық сұрақ қойылды. Сондай-ақ басқарма басшылары тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарға жауап берді.
Ұлағат Арғын, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесті