|
20.10.2021 | 20:57
3471

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына өтінім беру аяқталды

Енді тұрғындар тарапынан келіп түскен жобаларға дауыс беру науқаны басталады

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына өтінім беру аяқталды Almaty.tv

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына өтінім беру аяқталды. Енді тұрғындар тарапынан келіп түскен жобаларға дауыс беру науқаны басталады. Көпшіліктің көңілінен шыққан жобаға қала әкімдігі қаржы бөліп, іске асырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


Айта кеткен жөн, 2019 жылы пилоттық режимде басталған бұл жобаның уақыт өткен сайын ауқымы мен мүмкіндіктері кеңейе түскен. Ел Президенті өзінің Жолдауында халықтың бюджетке қатысуы керек екенін баса назар аударған еді.  

Бюджетке қатысу жобасы аясында әр ауданға 800 млн теңгеден беріледі. Ол үшін жергілікті бюджеттен 6,4 млрд теңге қарастырылған. Яғни, осыншама қаржы қала халқы тұрмысының жақсаруы жолындағы жобаларға жұмсалады. Атап айтсақ, аулаларды абаттандыру, саябақтар мен скверлер салу, спорт алаңдары тұрғызылып, көшелерге жарық орнату. Ерекшелігі сол, тұрғындар ауданға не қажет екенін өздері ұсынып, дауысқа салады.

«Дауыс беру осы жылы өте ыңғайлы болмақ. Электрондық цифрлы қолтаңба арқылы немесе телефон нөміріңізді идентификациядан өткізу арқылы және қағаз түрінде дауыс бере аласыз. Қағаз түрінде Open Almaty офисіне барып, Абая 113 мекенжайы бойынша барып, урналарына салуыңызға болады», – деді қалалық Стратегия және бюджет басқарма басшысының орынбасары Жанар Жазылтаева.

Басқарма мамандарының хабарлауынша, бағдарламаға қызығушылық танытқан қала тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. Мәселен, жоба бастау алған жылы 333 өтінім түссе, былтыр 796-ға жеткен. Оның ішінде 276-сы қала әкімдігі тарапынан қолдау тауып, іске асты.

«Биыл қала тұрғындары тарапынан 934 жоба келіп түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Дауыс беру үшін Алматы қаласының жергілікті тұрғыны болу маңызды және бір адам үш жобаға дейін дауыс бере алады», – деді қалалық Қоғамдық қабылдау бөлімінің бас менеджері Дәулет Иманәлиев.

Мәселен, Бостандық ауданындағы бұл сквер мен ойын алаңдары дәл осы бағдарлама аясында жүзеге асқан. Аудан тұрғындары бұған дейін қараусыз жатқан ашық алаңның халық игілігіне жарағанына қуанышты.

«Ауладағы бұл сквер өткен жылы қазан айында орнатылды.  Кешкі уақытта балалар мен немерелеріміз осында келіп еркін ойнайды. Оған дейін бұл жер шөп басып жататын. Тұрғындар болып бірауыздан дауыс беріп, жобамыз көптің арасынан жеңіп шықты», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Валентина Мухаметова. 

Жұмыстың жүйелі жүргізілуі мен сапалы өнімнен салынуын қалалық қоғамдық кеңес өкілдері бақылайды. «Бюджетке қатысу» жобасының ерекше тұсы - құрылыс жоспары қала тұрғындарымен кеңесе отырып істеледі. Бұл билік пен бұқара арасында ашық қоғам қалыптасуына үлкен мүмкіндік дейді қоғамдық кеңес мүшелері. Еске салайық, жобаға дауыс беру ертең басталады яғни, 21 қазан мен 10 қараша аралығында жүргізіледі.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы
Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир