«Экономикамызды жаңа деңгейге көтереміз десек, онда сандық жүйенің, инновациялық дүниелердің алдынғы шебінде жүруіміз керек». Арнамыздың тікелей эфирінде өткен «Алматы – Smart city» жобасының онлайн таныстырылымында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев осылай деді. Әсіресе, бұл іске жастарды көптеп тарту қажеттігін ескертті. Цифрландыру саласында жасалып жатқан тың жобалармен Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке таныстырады.
Алматы – үлкен IT орталық ретінде жан-жақты даму қажет, – деген шаһар басшысы бірінші кезекте, бәсекеге қабілетті, түрлі салада жұмыс істеуге қауһарлы жастарға мол мүмкіндіктер ашу қажеттігін баса айтты. Бұл дегеніміз тағы да отандық ақпараттық технология саласын дамыту дегенге саяды.
«Егер де біз сандық жүйеге көшпейтін болсақ, онда біздің биік деңгейге жете алмайтынымыз айдан анық. Өйткені, біз экономикамызды жаңа деңгейге көтерем дейтін болсақ, онда бізге цифровизациялық, инновациялық дүниелердің алдынғы шебінде жүруіміз керек. Егер біз бәсекеге қабілетті ел боламын десек, мамандарымыз бәсекеге қабілетті болып, жастарымыз түрлі салада жұмыс істейтін болса, онда әрине біз олардың деңгейін көтеру үшін сол салада жұмыс істейтін мүмкіндіктер беріміз керек»,– деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бүгінде алматылықтарға көптеген қызмет түрлері онлайн көрсетіледі. Ковидке қарсы «Аshyk» қосымшасынан бөлек, белсенді қала тұрғындары үшін "I-azamat" жобасы іске асты. Қазірдің өзінде бұл платформаны 8 жарым мыңнан астам адам пайдаланып үлгеріпті.
«Алматыда бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу саласында жұмыс жасап жүрген 2 мыңнан аса IT маман бар. Осы жердегі IT-кеңестің мақсаты – қаланың дамуына өз үлесін қосатын отандық, алматылық компанияларды осы іске тарту»,– деді қалалық IT-кеңестің үйлестірушісі Әсем Нұрғалиева.
Биыл Алматыда жылжымайтын мүлік бойынша барлық сервистік процестерді басқаруға көмектесетін мобилді қосымша іске қосылды. Демек, тұрғындар енді бір ғана платформа арқылы кеңейтілген қызмет түрлерін ала алады. Бұл әрбір алматылықтың қимыл-қозғалысын жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар, сервистік компаниялардың да жүктемесін азайтады.
«Айталық үйіңізде суды өшіріп кетсе, сантехник маманын шақырту үшін сізге талай жерге қоңырау шалудың еш қажеті жоқ. Осы мобильді қосымша арқылы өтінім қалдырсаңыз болғаны, сол жерде онлайн кеңес алып, уақытын келісе бересіз. Сол секілді қызмет көрсететін компанияларға да бұл жоба өте тиімді. Бұрындары қандай да бір мәселені шешу үшін тұрғындардың бәрін жинап, талқылаулар өткізіп, қол жинап жүрген болса, қазір мұның бәрі осы қосымша арқылы реттеледі»,– деді IT-компанияның операциялық мәселелер жөніндегі директоры Самал Абаева.
Аталған қосымшаны пайдаланатын тұтынушылар Пәтер иелері кооперативінің төрағасымен тіпті смс хабарлама арқылы қарым-қатынас орнатуға болатынын жеткізді.
Сондай-ақ, шаһар басшысы кез келген сектордағы өнімділікті арттыру үшін адами капиталдың маңызды екенін айрықша атап өтті. Бүгінде қаладағы жұмыспен қамтылған тұрғынның 680 мыңы шағын және орта бизнесте жұмыс істейді екен.
Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы.