«Кеш болса, аулаға шығуға қорқамыз». Осылай деп шағымданған Алмалы ауданының тұрғындары біздің арнаға хабарласып, көмек сұрады. Себебі көпқабатты үйдің ауласында рецептсіз психатроптық препараттар сататын дәріхана бар. Ең өкініштісі, тәуелділікті тудыратын дәрі-дәрмекті пайдаланатын жастар сол маңдағы зейнеткерлерге қарсы шығып, күш көрсетеді екен. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Көпшілік шағымданған дәріхана Төле би мен Бруно көшелерінің қиылысында орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерге бірнеше мәрте полиция шақыртып, шара қолдануды өтініпті. Алайда еш нәтиже жоқ.
Бұл осы уақытқа дейін қауіпті дәрі-дәрімектерге тәуелді жастармен күресіп келе жатқан Алмалы ауданының тұрғындары. Құзырлы органдарға айта-айта шаршаған шағымданушылар біздің телеарнадан көмек сұрап, мәселені көтеруді өтінді. Себебі кеш болса болды таңға дейін үй ауласында жастар қаптайды екен. «Тіпті, пайдаланған құралдарын шашып кетеді» дейді.
«Мына үйде тұрып келе жатқанымызға 1 жыл болды. Мүлде тыныштық жоқ. Бұрын кішкене тыныш болатын. Далаға емін-еркін шығатынбыз. Қазір қорқамыз. Күндіз де, түнде де мына дәріхана қалай ашылды, солай жастар келе бастады», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Жанна Әбікеева.
«Біз оларды 3 рет қуып шықтық. Мына подъезге кіріп алып, сол жерде жатады. «Шық» десең, кейде шығады, кейде шықпайды. Өзімізге күш көрсетеді», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Жамбыл Әбсатов.
Күш көрсетеді демекші, кеше ғана бұзақы жастар зейнеткерлермен қарсыласып, көз жасаурататын газ баллонын шашқан.
Зейнеткерлер осындай қарсылықтан соң есік алдына шығуға қорқып қалғаны соншалық, «немерелерімізді аулада ойната алмаймыз» дейді. Ал дәріханаға барсақ, есігін тарс жауып қойыпты. Ал қалалық медицина және фармацевтика департаментінің мамандары арнайы тексеріс жүргізу үшін алдын ала хат жіберу керек екен.
«Егер дәріханаларда рецептсіз жіберген фактілер болса, бізге арыз жазып, біз прокуратурамен бірге оларға тексеру ашамыз. Сондай жағдайлар болса, бізге арыз жазсын», – деді қалалық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бас маманы Жасқайрат Бекбаев.
Айта кетейік, дәріханаларда мұндай фактілер анықталған жағдайда, заң бойынша айыппұл төленіп, лицензиясынан айыру қарастырылған. Мамандар тұрғындар арызданған күні-ақ тексерісті бастап кетуге дайын.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов «Алматы» телеарнасы