Б. Момышұлы бекеті: Мәслихат депутаттары қала әкімінің бастамасын қолдады

pavon.kz
pavon.kz
Бауыржан Момышұлының есімін иеленген метро тұрағының болуы өте жақсы бастама
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Достық» метро стансасының атауын Бауыржан Момышұлы деп өзгертуді ұсынды. Бұл туралы қала басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Сондай-ақ, «Западный автовокзалы» деп аталуы керек болған тағы бір бекетке «Қарасай» атын беруді де ұсынды. Бастама қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес өкілдері арасында қолдау тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл Абай даңғылы мен Момышұлы көшесінің түйіскен тұсы. Дәл осы жерде тағы бір метро бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Станса жыл соңында техникалық іске қосылады деп күтілуде. Қазір бекет «Достық» деп аталады. Енді Қала күніне орай жаңа стансаға жаңа ныспы беру қарастырылып жатыр.

Бүгін метроның бұл аялдамасына Бауыржан Момышұлының атын беру туралы бастаманы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ұсынды. Осы тұста даңқты батырдың ел тарихындағы орны ерек екенін айта кеткен жөн. Бауыржан Момышұлы соғыс батыры ғана емес, талантты стратег. Мәскеу шайқасында көрсеткен ерлігі ерен. Оның жауынгерлік тұлғасы, жазушылық қыры, өр мінезі ұрпаққа үлгі. Отан үшін от кешкен әскери қолбасшыны ел ұмытпауы керек деп есептейді қоғамдық кеңес мүшелері.  

«Бұл ұсыныс дұрыс деп ойлаймын. Өйткені қаламызға басқа елден келетін қонақтар Бауыржан Момышұлы есімін естігенде оларда сұрақ туындайды. Бұл кісі кім деген. Зерттей келе елімізде ұлы тұлғалардың бар екенін түсініп, көзі жетеді», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Қазыбек Шайх.

Сондай-ақ, мегаполис басшысы салынып жатқан тағы бір стансаға «Қарасай» есімін беруді ұсынған. Қазір «Западный» деп аталып жүрген бекет Алматы облысының Қарасай ауданымен шектеседі. Екі бекеттің атауын өзгертуге қатысты ұсыныс қалалық мәслихат сессиясында да қызу талқыға түсіп, бұған депутаттың бәрі бірауыздан қолдау білдіріп жатыр.

«Өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Әрине өзіміздің ұлыларымызды ұлықтау керек. Болашақ ұрпаққа насихаттауымыз қажет», – деді қалалық мәслихат депутаты Арман Жүдебаев.

Бастамадан құлағдар болған алматылықтардың басым бөлігі мұндай ақпарды жылы қабылдап, оң пікір білдіріп жатыр.

«Момышұлы деген есімді беру керек. Себебі мына көшеміздің өзі де Момышұлы деп аталады. Ол кісінің еңбегін ұмытуға болмайды. Сол себепті мен екі қолдап қоштаймын», – деді қала тұрғыны Ақбота Көшемісова.

«Екеуіне де келісемін. Жастар Б. Момышұлы мен Қарасай аталарын біліп жүрсін», – деді қала тұрғыны Әлия Шажабекова.

Енді белгіленген тәртіп бойынша Әкімдіктің қаулысы мен қала мәслихатының шешімі Республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Тек содан кейін ғана түпкілікті шешім қабылданады.

Назкен Еркін, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров