|
07.09.2023 | 20:02
2142

Сұрақ-жауап: Жетісу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Екі сағатқа созылған кездесуде 30-ға жуық сұрақ қойылды

Сұрақ-жауап: Жетісу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі пресс-служба акима Алматы

Алматының Жетісу ауданына 100 қоғамдық көлік пайдалануға берілді. Осылайша, 5 бағыт бойынша автобустар жаңарған. Ал жыл соңына дейін қоғамдық көлік санын 332-ден 411-ге дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесуінде айтты.

Кемел шағынауданында электр желілері тозған. Осылай деген жергілікті тұрғындар күн құбылып, жаңбыр жауса, тоқ көзінен ажырап, жарықсыз қалатынын айтады. Трансформаторлар соңғы 9 жылдан бері жөндеу көрмеген. Түйіні тарқамаған түйткіл бүгін қала әкімімен кездесуде айтылды.

– Біздің ауданда жарық жиі өшеді. Тұтынып отырған суымыз да тоқ көзіне байланысты. Ауыз суды қазандықтар арқылы пайдаланамыз. Жарық болмаса, су да тоқтап қалады. Бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеміз, – деді қала тұрғыны Татьяна Балыкина.

Ауданда жұмыс істеп тұрған бірнеше трансформатор қала балансына өтпеген. Алматы облысы Іле ауданына қарасты акционерлік қоғамның меншігінде тұр. Аудан тұрғындары «тариф құны қымбат әрі сапасы сын көтермейді» дейді.

Кемел шағынауданында ұзындығы 43 шақырым электр желілеріне жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауданда 8 жаңа трансфарматор орнатылған.  Бірақ іске қосылмапты. Жұмысын бастаса, жыл соңына дейін Кемел шағынауданындағы 100 пайыз тұрғын тұрақты әрі сапалы тоқ көзімен қамтылмақ. Сала мамандарының айтуынша, биыл ауданда 14 қосалқы станса салынып, іске қосылмақ. Қазір жұмыстың 70 пайызы аяқталған.  

– Кемел шағынауданындағы электр жүйесін қалалық балансқа беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 14 қосалқы станса орнатылатын болады, – деді Жетісу ауданы әкімі аппаратының Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Қалдаров.

Аудан тұрғындарын алаңдатқан тағы бір мәселе – қоғамдық көлік. Дәл осы кедергі кесірінен оқушылардың мектепке барып келуі қиындаған.

– Мен ата-аналардың атынан шығып тұрмын. Менің балаларым №193 мектепте оқиды. Қазір мектепке арнайы автобус бөлді. Десе де, біздің көшеде тұратын балаларды жүргізуші отырғызбайтын көрінеді. Сералин көшесінің бір бөлігі Алматы облысы Іле ауданына қарайды. Осы мәселені назарға алуыңызды сұраймын, – деді  қала тұрғыны Майрана Чунжикова.

– Алдағы дүйсенбіден бастап оқушыларды үйіне дейін жеткізу мәселесін шешуді тапсырамын. Жалпы тұрғындар үшін биыл 100 қоғамдық көлікті пайдалануға бердік. Сондай-ақ жыл соңына дейін 21 бағыт жаңартылып, автобустар көбейеді, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Екі сағатқа созылған кездесуде 30-ға жуық сұрақ қойылды. Олардың арасында жол құрылысы мен су құбырлары, кәріз желілерін жаңарту секілді әлеуметтік саладағы мәселе басым. Сондай-ақ қалалық әкімдіктің басқарма басшылары тұрғындарды жеке қабылдап, мәселесін тыңдады.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мегаполисте жаңа автобустар пайдалануға берілді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир