Алматының Медеу ауданында жолды сапасыз жөндеп жатқан мердігер компания анықталды. Енді олар жұмыстарын немқұрайлы орындап жатқаны үшін лицензиясынан айырылып, қара тізімге енулері мүмкін. Ал Жетісу ауданында ескі бордюрлар қайта кәдеге жарап жатыр. Неліктен ақысы төленсе де, компания сапалы жұмыс істемейді? Ескірсе де жол жиекті қайта пайдалануға бола ма? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан тарқатады.
Бұл – Медеу ауданына қарасты Радлов көшесі. Мұнда орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін олардың сапасыз жүргізіліп жатқанын «Ұлттық жол активтері» орталығының мамандары анықтады. Сөздерінше, мердігер мекеменің жіберген
қателіктері көп. Оларды түзетуге 14 күн берілген. Десе де компания өкілдерінің кемшілікті жоятын түрі жоқ. Сондықтан қатал шараларға көшуге тура келеді дейді.
«Бордюрлерді дұрыс орнатпаған. Ескі асфальтты алып тастау керек. Астын дайындау керек. Лукатка дейді, щебень дейді. Қиыршық тастар. Бірақ ондай жұмыстар істеліп жатқан жоқ. Ескі бордюрлер алынуы керек. Бірақ олар алынбаған. Үстінен материал тастап және қоқыстарды тастап, жақсы материал салып, сонымен жауып жатыр», – деді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК қала бойынша филиалының инженері Руслан Имамбаев.
Орталық мамандары бетін жалтыратып ғана жөндеу жүргізбек болған мердігер мекеменің жайын айтып енді тиісті органдарға хат жазбақ. Қаржысы төленіп, сонда да сапалы жөндеу жүргізілмей жатқанда, Жетісу ауданы әкімдігі есті іс жасады. Олар ескі бордюрларды жинап, кәдеге жаратып отыр. Нәтижесінде, жүргіншілер жолы жасалды.
«Ескі бордюрлер бізде логтар көп. Айнабұлақ шағынауданында, Кемел шағынауданында. Тұрғындардың өтініші бойынша осындай жерде бізге жаяу жүретін жолдар керек дейді. Қараңыз, жақсы жолдар салып жатырмыз. Әрине, ескі бордюрлерді демонтаж жасаған кезде 60 пайызы бұзылып кетеді. 40 пайызы жақсы. Осындай сапалы болып тұрады. Оның бәрін қоймаға жинаймыз. Басқасын осындай жерлерге қолданамыз», – деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов.
«Осы логтан менің отбасым, көп тұрғын осы локтан жұмыс жаққа өтеміз. Жаңбыр жауған кезде бұл жерден өту қиын. Өздеріңіз білесіздер, мынау лок болған соң батпақтан жүре алмаймыз. Енді әкімдік бізге осындай баспалдақ жасап берді», – деді қала тұрғыны Гүлмира Тұрсынова.
Айта кетейік, зертхана қызметкерлері жыл басынан 430 мәрте тексеріске шығып, 151 ақау анықтапты. Оның 111-і қайта қалпына келтірілді. 731 сынақ алынып, оның ішінен 231-і талапқа сай келмей шыққан.
Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы