Туған жерімнің тауын сағыныппын: Еуропадан келген қандастар алматылықтарды құттықтады

22.03.2024 в 01:06

Алматының Абай алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтіп жатыр

Almaty.tv

Наурызнаманың Ынтымақ күнінде басталған Алматының Абай алаңындағы мейрам жалғасуда. Дәл қазір эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – шаһардағы ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шараның бірі. Той думанда ән мен биден бөлек, түске дейін салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар сахналанып, ұлттар арасындағы достық та дәріптелген.

– Ақтаудан келдім. Нағыз той думанның үстінен түсіппін. Алматыдағы Наурыз ерекше өтеді екен. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жауын-шашынның өзі кедергі болған жоқ, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Александра Данилевская.

Абай алаңындағы мерекелік концерттің бірінші бөлігінде өзге этнос өкілдерінің киіз үйі құрылып, көрме мен жәрмеңке де болды. Іс-шарада шет елдердің дәстүрлі әншілері мен күйші-жыршылары өнер көрсетіп, дүйім жұртқа мәдениетін таныстырды. Мейрамға жиналған дүйім жұрттың арасында жергілікті тұрғындардан бөлек, Еуропадан келген қандастарымыз да қатысты.

– Алматының алмасын, туған жерімнің тауын, табиғатын сағыныппын. Қазақстаннан 25 жыл бұрын кетіп, бүгін алғаш келуім. Осы мейрамға келуді ұзақ жоспарладым. Берлин тұрғыны болсам да, Алматым әрдайым ыстық, – деді Германия азаматы Дина Нұрпейісова.

Оқи отырыңыз: Этно дизайн: Жүннен жасалған қөлөнер бұйымдарына сұраныс артты