Этно дизайн: Жүннен жасалған қөлөнер бұйымдарынасұраныс артты

Almaty.tv
Almaty.tv
Еңбектің нанын теріп жеген шебер өнерін кейінгіге үйретуді парыз санайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттық құндылықтарымыздың бірі һәм бірегейі – қолөнер. Шынайы шебердің қолынан шыққан бұйымдар салт-сана, әдет-ғұрыппен біте қайнасып, қазақ халқының дүниетанымын айғақтайтыны рас, деп хабарлайды Almaty.tv.

Балқия Тұрысбекованы он саусағы майысқан қолөнердің хас шебері десек қателеспейміз. Қойдың жүнін кәдеге жаратып, пайдаға асырып отырған еңбек пәнінің мұғалімі түрлі ұлттық киімдер мен көздің жауын алар көркем бұйымдарды жасайды. Әсіресе қазақы нақыштағы көйлек, шапан, түрлі қабырға суреттері мен киіз бұйымдар кең сұраныста екен.

– Меринос қойдың жүнінен түрлі әшекей бұйым жасаймын. Бұл – этно дизайн. Мода үлгілерінде брендке айналып отыр. Жүннен қамзолдар, киіз үйдің бұйымдары, кесе қап, сырмақ, түскиіз және текемет жасаймын. Осы ылғалды киіз басу технологиясын пайдалану арқылы көптеген жұмыс жасап, көрмелерге шығарып жүрмін, – деді қолөнер шебері Балқия Тұрысбекова.

Еңбектің нанын теріп жеген шебер өнерін кейінгіге үйретуді парыз санайды. Бірі жүннен бұйым жасап, екіншісі тасқа қашап сурет салған шәкірттер де ұлттық өнерді дамытуға өз алдына күш салып келеді. Әсіресе ертеден ізі өшпей жеткен қолөнердің түрі – құрақ құрау бала шеберлер үшін таңсық дүние емес. Ал жасы жетпістен асқан қазыналы қарт Күләш Мизамбаева сол шеберлікке балғын жастарды баулуды мақсат тұтқан.

– Құрақтың түрі көп. «Амандасу» құрағы дейді. Сонымен қатар, «қызғалдақ», «қолдырмаш», «ши» құрағы деп атайды. Сәтбаев қаласының шахтерларына арнап бітпес жасадым. Менің басты мақсатым – кейінгі жастар үйрету. Қазақтың ұлттық құндылықтары ұмытылмау керек, – деді қолөнер шебері Күләш Мизамбаева.

Ісмердің келістіріп тіккен көрпе-жастығы мен жасаған бұйымдары, көркем кимешектері көздің жауын алып, еріксіз таңдай қақтырады. Ал ең маңыздысы – бұйым жасаудағы дәстүрлі мәнер мен тасада қалмаған авторлық қолтаңба. Өйткені ұлттық өнер – біреу, ал шеберлік – әр маманда айрықша болуы тиіс.

Сәтбаев қаласы да көппен бірге әз-Наурызды атап өтуге айрықша дайындалып жатыр. Бүгіннің өзі мынадай ақшаңқан киіз үйлер бой көтеріп үлгерді. Орталық алаңдағы ақ отауларда кешке ауызашар беріледі, кейіннен кеш концертке жалғаспақ. Ал негізгі думан ертең, таңсәріден басталады.

Айта кетейік, қала шеберлерінің қолөнер бұйымдары да негізгі іс-шарада ел назарына ұсынылмақ

Оқи отырыңыз: Наурызнама: Ақтөбеде әжелер ансамблі көпшілікті өнерімен тәнтті етті

Новости партнеров