Алматыда жыл сайын ауа сапасы нашарлап барады. Бүгінде атмосфераға шығарылатын қалдық көлемі 127 мың тоннаға жеткен. Алайда бұл көрсеткішті алдағы 3 жылда 113 мың тоннаға дейін азайту көзделген. Ол үшін шаһарда дизельден бас тарту, жасыл желектерді көбейту, газға көшу секілді түйткілдер күн тәртібінде тұр. Бұл туралы қала билігі бекіткен «Алматының 2025 жылға дейінгі даму жоспарында» көрсетілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін ең алдымен қолайлы экологиялық орта мен ауаның таза болуы маңызды. Алайда бүгінде Алматы шаһары – Қазақстан бойынша ауасы ең көп ластанған мегаполистердің бірі. Өйткені мұнда соңғы уақытта ауадағы азот диоксиді шекті мөлшерден 2 есе артқан. Ал шаңның орташа деңгейі 3 жылда 20 пайызға көтеріліпті. Бұған басты себеп – қалада құрылыстың көбеюі, көліктер мен Жылу Электр орталықтарынан шығатын түтін және кәсіпорындардың зиянды қалдықтары дейді мамандар.
Бүгінде қалада қоғамдық көліктерге сұраныс артқан. Ал жеткізу қызметімен айналысатын компаниялардың басым көпшілігі жеңіл мопедтерді қолданады. Бұл транспорт түрі негізінен дизельмен жүреді. Мұның бәрі ауаның шектен тыс ластануына әкеледі дейді мамандар. Аталмыш мәселені қолға алған қала билігі «Алматының 2025 жылға дейінгі даму жоспары» аясында 2 кешенді бастаманы жүзеге асырмақ. Ауа сапасын жақсартып, қолайлы экологиялық орта құру үшін ең алдымен автобустар мен коммуналдық техниканы газға ауыстыру көзделіп отыр.
«Біздің жанармайдың сапасы өте төмен. Былай қарағанда қазір біз Еуростандартқа кіріп жатырмыз. Бірақ арасында әлі де кейбір көліктердің катализаторлары өте нашар. Дизельмен жүретін көліктер бар. Соның ішінде автобус, КамАЗ секілді көліктер дизельмен жүреді. Ал дизель – өте зиян. Оған тіптен тыйым салдырып тастау керек. Бүкіл көліктер бензинге, не болмаса газға ауысуы керек», – деді Қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр Қисықов.
Бұдан бөлек 2025 жылға дейін қаладағы жеке үйлерді де 100 пайыз газдандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Ал шаңды басу үшін көгалдарды көбейтіп, абаттандыру жұмыстарын қарқынды жүзеге асыру, жасыл қорды ұлғайту көзделіпті. Ол үшін 1 миллонға жуық ағаш отырғызылып, Ботаникалық бақ пен Баум тоғайының аумағын кеңейту жоспарланған.
«Әсіресе, жол жиегіндегі жолдарға жасыл желектер отырғызу керек. Өйткені көлік көп, шаң көтеріледі. Осының бәрі ауаны ластайды. Ол аллергия секілді түрлі ауруға әкеледі. Сондай-ақ жеке секторларды да газға көшіру қажет. Жоба аясында жер үйлерді көгілдір отынға өткізу қарастырылған. Алайда, моншаны резіңкемен, көмірмен немесе дизельмен жағатындар бар. Сондықтан ағашты неғұрлым көп отырғызған дұрыс деп есептеймін», – деді эколог Тимур Елеусізов.
Сондай-ақ 2025 жылға дейін қалада 7 саябақ ашылады деп күтілуде. Жоба аясында 100 шақырым арық желілері мен нөсер кәріздері салынып, су қоймалары мен өзен-бұлақтарын тазарту, қалпына келтіру шаруалары да жүзеге асырылмақ.
Аяулым Көлжігіт, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы