Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының эфирінде инженерлік инфрақұрылымды дамытудың онлайн-презентациясы кезінде жеке секторды газдандыру және газ желілерін реконструкциялау туралы айтты.
Өткен жылы Алматыда 6 мыңға жуық үй газ желісіне қосылды. Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 92 жеке тұрғын үй пайызсыз несиелендіру жобасы аясында газға қосылды.
Биыл 1943 үйді газ желісіне қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде 1684 жеке тұрғын үй газ желілеріне қосылған. Желілерге қосыла алмайтын 259 үй биыл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның 2022 жылы оларды газ желілеріне қосудың инвестициялық бағдарламасына енгізілген.
Биыл бу және газ қондырғы құрылысы арқылы ЖЭО-2-ні газға көшірудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жоспарлануда. Жобаның мемлекеттік сараптамасын беру мерзімі – 2021 жылдың желтоқсан айы. Жобаны іске асыру атмосферадағы залалды заттарды 38 мың тоннадан 4,7 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, осы жылы газ инфрақұрылымын дамытуға және газ құбырларының өткізу қабілетін арттыруға бағытталған ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда, олар қазіргі кезде сағатына 880 мың текше метрді құрайды. Бұл Алматыда газды тұтыну мүмкіндігі бойынша жеткіліксіз.
Газ желілерінің өткізу қабілетін арттыру және тұрғындарды газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін барлық сегіз ауданда 40 км желілер реконструкцияланады.