|
04.08.2021 | 22:35
4811

Алматыда бір тәулікте індет жұқтырған 1,5 мың тұрғынның 640-ы ауруханаға түсті

33-і ауыр жағдайда өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

«Вакцина салдырғанда әлі де ортамызда болар еді». COVID-19-дан құрбан болғандардың жақындары қазақстандықтарды инфекцияға қарсы иммунитет қалыптастыруға шақырады. Дәрігерлердің айтуынша, ковидтік стационарларда індет жұқтырып, хәл үстінде жатқандардың дені екпе алмаған. Ал, вакцина салдырғандар індетті, керісінше, симптомсыз не әлдеқайда жеңіл өткізеді екен. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай жалғастырсын.  

Сұм індет арамыздан бірталай белді азаматымызды алып кетті. Қазақтың біртуар әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Ескендір Хасанғалиевтің қазасы барша қазақ жұртының қабырғасын қайыстырған еді. Ұлы Біржан Хасанғалиевтің сөзінше, марқұм вакцина алып үлгермеген.

«Әкем көбінесе «Жоқ, салдырмаймын, қорқамын» деп, мүмкін, салдырса осы студияда бірге отырар едік. Сондықтан не айтуға болады? Вакцинадан өту керек бүкіл халық. Менің ойымша, бұл жай ғана үндеу ретінде емес. Бұл біз үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қабылдау керек. Басқа елдер, мысалы, Израиль мемлекеті, өздеріңіз көріп отырсыздар, 1-2 аптаның бүкіл 8,5 миллион халықты вакцинадан өткізіп, енді қазір бәрін ашып жатыр. Экономикасын да, туризмін де ашып жатыр», – деді Е. Хасанғалиевтің ұлы, әнші Біржан Хасанғалиев.

Өткен бір тәуліктің өзінде 1,5 мыңнан аса алматылық індет жұқтырған. 640 науқас ауруханаға түссе, 33-і ауыр жағдайда өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Басым бөлігі вирусты жұқтырмауға алдын-ала қамданбағанына өкінеді.

«Вакцина деген нәрсені алған дұрыс па деп ойлаймын. Өйтені халқымыз мына аурудан тез айрылуы үшін бе, құтылуы үшін бе керек бола ма деп ойлаймын. Жастарымызға, әсіресе. Адам өзі ауырғаннан кейін ғана белгілі ғой, ауырғаннан кейін ғана басқа тиеді екен», – деді науқас Бекежан Нұрахмет.

«Көкірегі ояу, көзі ашық азаматпыз. Соның өзінде осындай вирустың тырнағына ілігіп, комадан аман шықтым. Әуелі Алла, сосын ақ халаттылардың арқасында аман қалдым. Сіздер де сенбей жүре бермеңіздер. Той-томалақты азайтыңыздар. Жақындарыңызға керексіздер. Балаларыңызды қорғаңыздар. Вакцина салғызыңдар», – деді науқас Ғалия Шаудырбаева.

Осы ретте дәрігерлер COVID-19-дан аса қауіпті, жылдам тарап жатқан «дельта» штаммынан абай болуға шақырады. Айтуынша, үнді штаммының таралуын тоқтатудың бірден бір жолы – ковидтік екпенің екі компонентін де алу. Ал, вакциналауды кейінге қалдырған сайын вакцинаның мутациялары да көбейе бермек.

«Дельта» штаммға қатысты айтатын болсақ, Спутник-V және біздегі CoronaVac, HayatVax және QazVac пайыздық көрсеткіштері 90 пайыздан кем емес. Тиімділігі жоғары. Өлім-жітім вакцина алғандарда «дельта» штаммен өте аз», – деді №36 қалалық емхананың терапевт дәрігері Сабыржан Жарымхан.

Еске салсам, күні бұрын індет Есік қаласында ерлі-зайыптының өмірін жалмап, 4 бірдей бала жетім қалды. Кейіннен белгілі болғандай, ер адам да келіншек те вакцина салдырмаған екен.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир