Каменское плато шағынауданында құрылыс жұмысы тоқтатылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда қала құрылысшылары кеңесі 1 тамызда жұмысын бастайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тау бөктеріндегі құрылысқа қатысты осыған дейін шешілмей келген мәселенің түйіні тарқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Каменское плато шағын ауданының тұрғындары қала әкіміне таудағы құрылыстың кесірінен алма бақтары жойылып жатқанын айтып шағымданған еді.

Каменское плато шағынауданының маңында алма бақтары бар. Бірақ  тұрғындар соңғы екі жылда 6 гектардан астам жерде өсіп тұрған ағаштарды учаске иелері құрылыс үшін кесіп тастағанын айтады. Бірақ одан бұрын халық топырақ көшкіні болып өмірімізге қауіп төнеді деп қорқады. Василиса Қуанышева дәл осы мәселені тұрғындардың атынан Ерболат Досаевтың Медеу ауданының халқымен кездесуінде де көтерген еді. Түйткіл қала мәслихатында оң шешімін тауып, тау бөктеріне құрылыс жүргізуге заңды түрде тыйым салынды.

«Тиісті ереже қабылданғаны жақсы болды. Сонымен қоса тағы айта кету керек, осы 2 жыл бұрын сатылған учаскелерді қайтарып алу керек. Әйтпесе бұл мәселе тағы да қайталануы мүмкін. Оның үстіне осында тұрып жатқан халықтың қауіпсіздігі үшін керек», – деді Медеу ауданының тұрғыны Василиса Қуанышева.

Қала әкімінің ұсынысымен енді қияға үй салуға болмайды. Дәлірек айтсақ, Шығыс айналма жолы, Әл-Фараби даңғылы, Саин мен Жандосов көшелерінің жоғары жақтарындағы тау еңістері 15 градустан асса онда ғимарат салуға тыйым салынбақ.  

«Беткейлердің 15 градустан жоғары тік болуы және аумақтың сейсмика дәрежесі жоғары болуы көшкін жүру қаупін тудырады. Сондықтан арнайы іс-шараларды қажет етеді. Осыған байланысты, таудың беткейлеріне 15 градус және одан да жоғары тік беткейлерге кез келген мақсаттағы ғимараттардың жаңа құрылысына шектеу қойылады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек 1 тамыздан бастап қала құрылысшылары кеңесі жұмысын бастайды. Енді мердігерлер жобаларын сол кеңестің рұқсатын алып қана жүзеге асыратын болады.

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров