Иесіз деп танылған қосалқы трансформатор мемлекет меншігіне өтеді

10.08.2022 01:10

Оң шешімін тапқан түйткілді тұрғындар қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесуінде айтқан еді

Almaty.tv

Әуезов ауданындағы 70-ке жуық үйді электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған қосалқы трансформатор мемлекет меншігіне өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарық сөніп қалса болды, ақаудың себебін анықтай алмай әбден әбігерге түскен халық бүгінгі шаруаға дән риза. Бұрын-соңды жекеменшік үйдің ауласына өтіп кеткен қосалқы трансформаторлы стансаны жөндеу үшін көршілерінің рұқсатын алуға мәжбүр болған. Қазір құрылғы бос жатқан аулаға шығарылып, халық игілігіне беріліпті. Бүгінде оң шешімін тапқан түйткілді тұрғындар қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесуінде айтқан еді.

«Арызымызды жерге тастамай әкімшілік өз жұмысын жасады. Мінеки, көріп тұрсыздар, қосалқы трансформаторлы стансасын жылжытты. Біз өте қуаныштымыз. Енді біздің болашақтағы үмітіміз бұл мәселе аяғына дейін шешілсе дейміз. Қазір бұл еш мекеменің балансында жоқ. Қаланың балансына өтсе, біздің күрделі мәселеміз толық шешіледі», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Мақсат Тілешов.

9 шаршы метр жерге орналастырылған нысан қазір 70-ке жуық үйді жарықпен қамтып отыр. Жекенің иелігінде болған кезде тариф құны да қымбатқа түскен. Қазір АЖК-ның балансына алынып, жерді заңдастыру жұмыстары жүзеге асып жатыр.

«Бұл қосалқы трансформаторлы станса иесіз деп танылған. Бұрын жекеменшік жерде тұрған. Сондықтан қала әкімінің бұйрығы бойынша АЖК-мен бірлесіп, осы стансаны мемлекеттік жерге ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Жұмыстардың барлығы 1 аптаның ішінде жасалды», – деді Әуезов ауданы әкімі аппаратының бас маманы Ерасыл Өкметов.

Әуезов ауданы – шаһардағы халық тығыз орналасқан аймақтың бірі. Сондықтан мұнда көлік қозғалысы мен тұрақ мәселесі де өткір.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша Ақсай шағынауданындағы жеке тұрғын үйлер орналасқан дәл осы көшемен тәулігіне 2 мыңға жуық көлік жоғары жылдамдықпен жүріп өтеді екен. Негізгі себеп – кептелісте тұрғысы келмейтін жүргізушілер Момышұлы көшесінен Райымбек даңғылына өтуі үшін осы аумақты кесіп өтеді. Салдарынан аулада алаңсыз ойнап жүрген балаларды қағып кету, жол апаты секілді оқыс оқиғалар жиі болған.

Түйткілді қолға алған қала билігі аталған көшеде тұрақтауға рұқсат етпейтін жол белгілерін орнатқан. Бұл шешім тұрғын үй ауласына кіретін жедел жәрдем мен төтеншеліктердің қозғалысын жеңілдетіпті. Ал көліктердің жылдамдығын тежеу мақсатында арнайы тас жабынды төселген. Сондай-ақ Мамыр-1 шағынауданындағы жеке үйлердің жолы да жөнделіпті. Бұған дейін жаңа ғимарат салып жатқан мердігер мекеме күні-түні құрылыс жасап, тұрғындарға тыныштық бермегенінен бөлек, ауланы шаңдатқан көрінеді.

«Өтінішімізді жерге тастамады. Демалыс болғанына қарамастан әкімдік өкілдері келіп, мердігер мекеменің басшысымен кездесіп, мәселемізді шешіп берді. Компания басшылығы барлық олқылықты жойды. Қазір тұрғындар риза. Ұйқымыз тыныш, түндегі құрылыс жұмысы тоқтатылды», – деді ПИК төрайымы Сәуле Бектасова.

Халықтың тілегіне құлақ асқан қала билігі енді бұл аумақты абаттандыруды жоспарлап отыр. Бүгінде Әуезов ауданында барлығы 966 аула бар. Соның 191-і жөндеуден өтіп, қыркүйекте ел игілігіне берілмек.

Аяулым Көлжігіт, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы