Алматының бас жоспары көктемде бекітілуі мүмкін. Бүгін сарапшылар мен тұрғындар қаланың бас құжатын талқылау жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үш күнге созылған жиында көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, экологияны жақсарту, шаһарды жан-жақты дамыту мәселелері қаралды.
Мәселен, бас жоспарда Іле Алатау бөктеріндегі жасыл қорды сақтау мен ұлғайту қарастырылыпты. Жасыл-желекті көбейту жұмысы мұнымен бітпейді.
«Еліміздегі норма бойынша жасыл-желек көлемі бір адамға есептегенде кем дегенде 10 шаршы метр болуы керек деп белгіленген. Ал Алматыда бұл көрсеткіш әр ауданда әртүрлі. Медеу ауданында бір адамға 17 шаршы метр жасыл-желек бар десек, Алатау мен Наурызбай ауданында бұл көрсеткіш небәрі 5-7 шаршы метрді құрайды. Ауқымды жұмыс жүріп жатқанын білеміз», – деді сарапшы Ақбота Мырзалиева.
Жалпы қала бес полиорталыққа бөлініп, дамиды. Әрқайсысында адамға керекті қызмет қолжетімді болады әрі іскерлік орта қалыптасады. Мәдени, тарихи орталыққа да мән беріледі.
«Қаланың тарихи келбеті сақталса» деген тілек бар. Сондай-ақ тау әрдайым көрініп тұрса екен. Бұрын үйді бес қабаттан көп салмайтын еді. Дегенмен жолдың көптеп салынып жатқаны, ұзарғаны қуантады», – деді қала тұрғыны Марина Черных.
Жоба жасаушылардың айтуынша, адамның қалай өмір сүретінін, жолға қанша уақыт жұмсайтынын, не мазалайтынын зерттеуге тырысқан.
«Бас жоспарды жасауға 20-дан аса ұйымның сарапшысы және маманы қатысты. Құжатта ең бастысы полиорталық жасау туралы тұжырымдама нақты бекіді деуге болады. Әрбір тұрғын өз жеріндегі мәселені айтуға тырысты. Оның бәрі ескеріледі. Дегенмен қазіргі маңызды міндет - басты ережелерді бекіту», – деді урбанист, бас жоспар әзірлеушісі Святослав Мурунов.
Ал ардагер сәулетшілер түрлі пікір мен ескертулерге қарамастан бас жоспарды тездетіп қабылдау керегін айтады.
«Қаланың бас жоспарын уақыт күттірмей қабылдау керек. Өзгертулерді кейін де енгізе беруге болады. Қала құрылысы 10 жылдан бері нақты жоспарсыз дамып жатыр. Сондықтан да үйлер мен саябақтар қалай болса, солай салынып жатыр. Экологияның ластануы да, жалпы қала құрылысына қатысты хаос та осыдан туып отыр», – деді сәулетші Сайран Фазылов.
Түйткілді тақырыптар талқыға салынды, түрлі пікір айтылды. Енді ел мен сарапшылардың ойы мен тілегі алдағы бірнеше күнде елеп-екшеліп, арнайы ұсыныстар тізіміне енгізіледі. Жалпы үш күнге созылған талқылау барысында бас жоспарға өзгеріс енгізу туралы 100-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Ал жобаның авторлары бас құрылыс құжатын алдағы уақытта сараптамаға жіберіп, Үкімет оны наурызда толық бекітеді деген үмітте.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы