Алматыда дәрі-дәрмек бағасын қымбаттатқан бірде-бір дәріхана тіркелмеген – С. Тұяқбаев

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда дәрі-дәрмек бағасын қымбаттатқан бірде-бір дәріхана тіркелмеген. Қаладағы дәріханаларға күніне екі рет мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның сөзінше, дәрі-дәрмек тапшылығын тудырмас үшін бірқатар жұмыстар қолға алынған. Қазір дәріханаларда 846 мың дана дәрі бар.

Қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев бүгінде шаһардағы дәріханалардағы жағдайдың біршама тұрақталып келе жатқанын алға тартты. Оның сөзінше 2-3 апта бұрын препараттарға сұраныс бірнеше есеге өскен. Мәселен, қарапайым парацетамолдың өзін жұрт мамыр айында 50 мың дана тұтынса, ал шілденің басында парацетамол күніне 100 мыңға дейін сатылыпты. Сондай-ақ, термометрді тұтынушылар саны да күрт артып кеткен. Былтыр 100 мың термометр сатылған болса, тек бірнеше күннің ішінде 50 мыңы өтіп кеткен.

«Қазіргі таңда сұраныстың бәрі дер кезінде жеткізіліп беріліп отыр. Мысалы,  кешегі көрсеткішті қарайтын болсақ, бір күндегі осы 105 дәріханада сатылған дәрінің саны – 12 249 дана. Ал екі апта бұрын бұл көрсеткіш бұдан 10-15 есе үлкен болатын. Қазіргі таңда осы 1 шілдеден бастап 900 мыңға жуық жаңа дәрі жеткізіліп берілді», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.

Сапарбек Тұяқбаевтың сөзінше бұған дейін айтылған 105 дәріхана мен қоймаларда ең қажетті деген дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Соңғы ақпарға сәйкес қазір дәріханаларда 846 мың дана дәрі бар. Алдағы бір айда тағы 3 млн 685 мың орам препарат жеткізу жоспарланыпты. Ал дәріханалардағы дәрі-дәрмек тапшылығы туындап, коронавирус өршіп, жұрттың күрт дүрбелеңге салынуына азаматтардың дәрілерді бума-бумасымен алуы себеп болды дейді әкім орынбасары. Сондай-ақ, ол қатаң түрде бақылау жүргізілмей тұрып алыпсатарлардың болғанын жасырмады. Бүгінде сондай 11 дерек анықталған. Енді мұндай болмас үшін бірқатар жұмыстар атқарылған. Оның ішінде дәрі-дәрмек тұрақтандыру қоры да бар.

«Осындай жағдайларға жол бермеу үшін әкімдіктің шешімімен жалпы сомасы 5 млрд қаржы бөлініп тұрақтандыру қоры құрылды. Үш ірі компаниямен қол қойылып, қазір қаржы төленіп отыр. Бүгін-ертеңнен бастап осы тұрақтандыру қоры аясында егер тапшылық болған дәрілер болатын болса, нарыққа жеткізіп беруге барлық мүмкіншілік бар», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.

Сондай-ақ, әкімдік пен фармкомпаниялар арасында жасалған меморандум бойынша 105 дәріханаға бақылау жүргізіліп отырған болса енді алдағы уақытта оның саны 200-ге дейін артпақ. Ал еліміздің фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова бұл дәріханалардың арасынан баға көтерген бір де бірі анықталмаған дейді.


«Бізде бағалар мемлекет деңгейінде реттеліп отырады. Сондықтан өзгені емес, алдымен өзін-өзі сыйлай білген кәсіпкер шектік бағадан асып дәрі сата алмайды. Ондай бола қалса бұл бизнесмен үшін үлкен шығын болмақ. Қайталанса – тіпті жұмысы тоқтатылуы мүмкін. Бізде шектік баға деген болады. Мәселен, парацетамол бұған дейін 70-80 теңгеден болса, оның соңғы сатуы мүмкін бағасы 128 теңге. Осы бағадан асырып сата алмайды және бұл шекті бұзған дәріхана тіркелген жоқ», – деді ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова.

Сондай-ақ, мамандар стационарлық жағдайда қолданылатын вирусқа қарсы препараттарды өз бетімен қабылдамауға шақырады. Ауруды емдеу үшін дәріханаларға жүгірмей, уческелік дәрігерге жүгіну керек екенін түсіндірді. Қажетті дәрілер жергілікті емханалардағы дәріханалардан тегін беріледі дейді жауаптылар. Ал, ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеу әлдеқайда тиімді болмақ. Сондықтан карантин талаптарын сақтап, маска тағып жүрген дұрыс.

Назкен Еркін, «Алматы» арнасы

Новости партнеров