Алматының Медеу ауданында санитария талаптарын сақтамаған 110 нысан жабылған

25.06.2020 01:18

Арақашықтық сақталмайды, тепловизор болса да, дене қызуы тексерілмейді

Almaty.tv

Алматының бір ғана Медеу ауданында санитария талаптарын сақтамаған 110 нысан жабылған. Ал кәсіп иелері тепловизор, антисептик сияқты құралдарды алып қойғанымен, оны жұмыс барысында қолданбайды. Кәсіпкерлер талапқа келгенде неге немқұрайлы? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.

Медеу ауданында орналасқан мына қоғамдық тамақтану орнына кіре берген санитария мамандары адамдар отыратын үстелдердің тым жақын орналасқанын бірден байқады. Ең болмағанда қашықтық сақталуы керек деген ешқандай белгі де қойылмаған.

Әйтсе де келушілер мен қызметкерлердің дене қызуы уақытылы тексеріліп, журналға тіркеліпті. Әр үш сағат сайын ауыстыратын артық маскасы да бар болып шықты. Бірақ қолданылған бетперделер мен қолғаптарды тастайтын бөлек ыдыс болмай шықты.

«Үстелдердің арасын алшақтатуды, жарамсыз маскалар бөлек шығарылуы керектігі және дене қызуы жазылған қағаздарды жинақтап, тігіп қоюды ескертті. Тез арада бұл олқылықтарды жөндейміз», – деді қоғамдық тамақтану орнының әкімшісі Дарья Зиновьева.

Ал бұл кәуапханада тепловизор бар, бірақ оны қолданып, келушілердің қызуын өлшеп жатқан ешкім жоқ. Жұмысшыларға арналған қосымша маска да табылмады. Қожайын бетперделердің таусылып қалғанын және масканы тек керек болған жағдайда ғана сатып алатынын айтып ақталды. Ал антисептиктің бар-жоғы түсініксіз. Сыртында не екені жазылмаған мынадай ыдысты антисептик деп көрсетті. Ол да таусылуға шақ қалыпты. Ал мына азамат тексерушілердің көзі тая бере құтыны толтырып қойып жатыр.

Жалпы Медеу ауданында орналасқан бизнес нысандарды мониторинг жүргізген мамандар күніне 20-ға жуық нысанды тексереді. Көбіне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкер талаптарды орындағанша бақылауда ұстап отырады.

«Көбіне қоғамдық орындарда арақашықтық сақталмайды. Тепловизор болса да, дене қызуы тексерілмейді. Бүгін түсіндірдік, арнайы қаулыны бердік», – деді Медеу аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Гульзара Заирова.  

Жалпы Медеу ауданында бұған дейін жеті жүзден астам нысан тексерілген. Санитария талаптарына сай келмеген 110 мекеме уақытша жабылған.

Назкен Еркін, Мепдет Саматұлы, «Алматы» арнасы