Алатау ауданы әкімі бастаған мобильдік топ базарлардың бірінде рейд өткізді

17.10.2020 01:20

Медициналық қорғаныс қолғаптары, бетперде, антисептик құралы саудагерлердің ажырамас бөлігіне айналған

Аlmaty.tv

Алатау ауданы әкімі бастаған мобильдік топ санитария мамандарымен және полицейлермен жергілікті базарлардың бірінде рейд өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Халық көп жиналатын сауда алаңында 2,5 мыңға жуық кәсіпкер кішігірім кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын табуда. Тексеріс барысында сауда орнының толықтай карантиндік талаптарға сай екені анықталды. Медициналық қорғаныс қолғаптары, бетперде, антисептик құралы саудагерлердің ажырамас бөлігіне айналған.  

«Бүгін үлкен базарларды, үлкен кешендерді, сауда кешендерін тексеруге шықтық. Жалпы топтың құрамында СЭС қызметкерлері, Nur Otan қызметкерлері, Atameken қызметкерлері және аудан әкімдігі, прокуратура қызметкерлері қосылған. Негізі топтың мақсаты – бұл біреуді барып жазалау емес, біреуді барып қаралау емес, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Аймақта карантин талаптарын бақылау бойынша арнайы 3 мониторнингтік топ құрылған. Күнделікті рейд жұмыстары нәтижесінде бір аптаның ішінде 250 нысан тексерілді. Бұл орайда мобильді топ өкілдерінің қоятын басты талабы санитарлық ережелер мен, әлеуметтік қашықтықты сақтау.

«Құқықбұзушылықты көбінесе тамақтану орындары және де жаңағы азық-түлік сататын дүкендер, солар көбінесе не қылады. Негізінен ең бірінші кезекте маска тағу ережелері, сосын әлеуметтік қашықтықты сақтау ережелері жиі бұзылып тұрады. Ол мәселерді де біз мобильдік топпен шыққан кезде барлығына түсіндіріп айтып отырамыз», – деді Алатау ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Дархан Сейсенов.