|
03.07.2020 | 20:23
2324

Алматыда тағы бір жастар ресурстық орталығы өз жұмысын бастады

Қала бойынша екінші коворкинг Алатау ауданында ашылды

Алматыда тағы бір жастар ресурстық орталығы өз жұмысын бастады Аlmaty.tv

Алматыда тағы бір жастар ресурстық орталығы өз жұмысын бастады. Қала бойынша екінші коворкинг Алатау ауданында ашылды. Мұнда жастарға, жастар ұйымдарына қолдау көрсету мақсатында психологиялық көмектен бастап, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ұсынылатын ақпараттық қолдауға дейін көрсетіледі. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Сая Меңдекенің материалында.

Жұмысқа орналастыру, кәсіптік бағдар беру, жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау, Әлеуметтік және бизнес саласындағы жастар жобаларына демеу көрсету. Міне, осы қызметтердің бәрі жастар ресурстық орталығында көрсетілмек.

«Орталық жастарға жақын болуды көздейді. Әр саланың кәсіби маманын шақырып, ашық есік күндерін өткізуді де қолға алмақпыз. Біздің негізгі мақсат – жастардың паспортын жасау, оларда қандай проблемалар бар екенін кеңінен білу», – деді қалалық жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Алма Ауғанбаева.

Жастар ресурстық орталығына келген азамат, азаматшаларға мұнда жан-жақты қолдау көрсетіледі. Заманауи үлгідегі коворкинг орталығында, тіпті психолог мамандар жасына сай жұмысқа шақыртылған. Демек, орталыққа көмек сұрап келген жастар жас маманмен әңгімелесу арқылы өздерін мазалаған сұрақтарына жауап ала алады.

Бүгінде жастарға мемлекет тарапынан қолдау зор. Елбасы Қазақстан жастарын әлемдегі ең үздік оқу орындарына жіберіп, «Болашақ» бағдарламасына жол ашқан болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың президенттік резервін құрды. Сөйтіп, олар тек біліммен қарулануы керек деген ұранын алға тартты.

«Жалпы енді мұның бәрі мемлекетіміздің жастарға деген көңілі. Ертеңгі жастар – еліміздің іргетасы. Соларға білім беру, жағдай жасау, жаңа заманауи тұрғыдағы коворкинг центрлерді ашу – мемлекетіміздің басты бағдарламалары, басты бағыттары болып табылады», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбаев.

Осыдан бірер күн бұрын дәл осындай орталық Жетісу ауданында ашылған болатын. Қазір онда күніне 10-15-ке жуық жастар түрлі мәселе бойынша көмекке жүгінеді. Алдағы уақытта шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мұндай жастар ресурстық орталықтарын қаланың барлық 8 ауданында ашу көзделіп отыр.

Сая Меңдеке, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир