2026 жылы Алматыда «Қалқаман» метро бекеті іске қосылады

17.12.2025 16:54

Мегаполисте қоғамдық көліктің үлесін арттыру жоспарланып отыр

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполистегі көлік кептелісі мәселесі қоғамдық көлікті жүйелі дамыту арқылы шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Әкімнің айтуынша, көлік қозғалысының шамадан тыс жүктемесі қаланың экологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан жеке автокөліктерге балама ретінде қоғамдық көлікті дамытуға басымдық беріліп отыр.

«Бұл – күрделі мәселе. Кептеліс экологияға тікелей әсер етеді, себебі көліктер ауаға тарайтын зиянды заттардың 60%-ын шығарады. Біз Шанхай, Лондон және Мәскеу секілді қалалардың тәжірибесін зерделедік. Мәскеуде 2016 жылы жеке автокөлікті пайдаланушылардың үлесі 60% болса, бүгінде бұл көрсеткіш 30%-ға дейін төмендеді, ал қалған 70% тұрғын қоғамдық көлікті пайдаланады. Сондықтан кептеліс мәселесінің бір ғана шешімі бар», – деді Дархан Сатыбалды.

Әкімнің айтуынша, мәселені шешудің тиімді жолының бірі – жылдам жүретін қоғамдық көлік бағыттарын дамыту.

«Біріншіден, BRT желілерін тез әрі салыстырмалы түрде оңай іске қосуға болады. Сонымен қатар LRT жобасы да дайындалып жатыр, бұл бағыттар қатар жүзеге асырылады», – деді ол.

Қала басшысы метроның дамуына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бірқатар нысандарды аяқтау мерзімдері қайта қаралып жатыр.

«Маусым айында метроға барғанымда маған «Қалқаман» бекетін аяқтауға 24 ай қажет делінген. Қазір бұл жұмыстарды 8-9 айда бітіру жоспарланып отыр. Мұндай жобаларды жедел жүзеге асыру керек», – деді әкім. 

Оның айтуынша, қала метрополитенді кеңейтуді жалғастырып жатыр.

«Келесі жылы «Қалкаман» бекеті мен «Барлық» базары арасындағы 5,3 шақырымдық метро желісінің құрылысы басталады. Сондай-ақ «Жібек жолы» бекетінен әуежайға дейінгі 14 шақырымды қамтитын екінші желі жобасы әзірленіп жатыр», – деді Дархан Сатыбалды.

Сөз соңында әкім метро мен қоғамдық көлік дамымай, қаладағы көлік кептелісі мәселесін шешу мүмкін емес екенін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Алматыда жыл сайын кемінде 40 ірі мәдени-бұқаралық іс-шара өткізілмек