|
30.09.2020 | 20:29
1315

Алматыда 10 қыркүйектен бастап 104 мыңнан астам адамға тұмауға қарсы вакцина салынды

Тұмауға қарсы екпе жылына бір рет егіледі

Алматыда 10 қыркүйектен бастап 104 мыңнан астам адамға тұмауға қарсы вакцина салынды

Алматыда 10 қыркүйектен бастап, бүгінге дейін 104 мың 812 адамға тұмауға қарсы вакцина салынды. Ал, қараша айының соңына дейін тағы 15 мың тұрғынға екпе салу жоспарланып отыр. Осылай, пандемия кезінде тұмаудан сақтанудың амалын жасағандар қатары күн санап артуда. Сәйкесінше, вакциналардың мөлшерін көбейту қажеттілігі туындап отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Биыл пандемия жағдайына байланысты тұмауға қарсы вакцина салдыруға ниет білдірген шаһар тұрғындарының саны күрт өсіпті. Небәрі 20 күн ішінде 104 мың 812 алматылыққа екпе салынған. Вакцина алуға алғашқы болып келгендердің бірі Шынар Мұсабекова.  

«Былтырғы кездері де екпені алдым. Ешқандай кері әсері болған жоқ. Биыл да аламын деп шештім. Менің 3 балам бар, оларға да жылда тұмауға қарсы вакцинаны аламыз. Ол өзімізді сақтау мақсатында», – деді қала тұрғыны Шынар Мұсабекова.

Жалпы тұмауға қарсы екпе жылына бір рет егіледі. Қыркүйек айында басталса, қараша айының 30-ына дейін жалғасады. Қазір қаладағы жекеменшік медициналық мекемелер 4937 адамды вакцинациялаған. Ал, емханаларда бұл көрсеткіш 100 мың адамнан асып отыр. Алдағы уақытта тағы да 15 мыңға жуық алматылыққа екпе салынбақ.

Қала емханаларында салынып жатқан вакцинаның құрамында тұмаудың «H1N1» антигені мен «полиоксидоний» секілді элементтер бар. Қарапайым тілде айтқанда, пациентке тұмаудың вирусы егіледі. Сол сәттен бастап, ағза денеге енген аурудың қоздырғыштарымен күресіп, бірден антиденелер бөліп, иммунитет қалыптастырады. 3 күн үшінде вакцина адамға әсер етіп, түрлі реакция береді. Осылай әрбір адам 6 айға дейін өзін тұмаудан толық қорғай алады.

Мамандардың пікірінше, вакцина салынған адам екпе алмаған пациентке қарағанда тұмаумен сирек ауырады. Сырқаттанса да, жұқпалы вирус жеңіл түрде өтеді екен. Осылай екпеге сұраныс көбейген қалалық №12 емханада қазір 63 мың халық тіркеуде тұр. Бұл медициналық мекемеге мемлекет бастапқыда тұмауға қарсы вакцинаның 5 мың дозасын бөліпті.

«15 қыркүйектен бастап, бізге 5 мың доза берілді. 2 аптаның ішінде ол дозаларды бітірдік. Енді тағы да вакцина күтіп отырмыз», – деді қалалық №12 емхананың жалпы практикалық дәрігері Динара Мейірбек.

Бұған дейін екпе аяғы ауыр келіншектер мен қарияларға, сондай-ақ асқынуы бар жандар мен балаларға ғана тегін салынатын. Ал, қазіргі ахуалда вакцина мегаполистің кез келген тұрғынына тегін жасалуда. Тіпті, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бар-жоғы еленбейді. Тек бұл қызметті алу үшін терапевттің қарауынан толық өту қажет.

Аяулым Көлжігіт, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир