Жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған түлек бюджет қаражатынан қанша жыл оқыса, тек сол кезеңді еңбекпен өтейтін болады. Бұл туралы тиісті заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов мәлімдеді. Ал мұндай қажеттілік неден туындады? Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Қолданыстағы заңға сәйкес, мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған, яғни медициналық және педагогикалық мамандықтар бойынша оқу тәмәмдаған түлектер білім гранттарын үш жыл жұмыспен өтеуі тиіс. Грантпен оқуға түсіп, грантпен оқуды аяқтаған түлектерге қатысты ешқандай сұрақ жоқ, деді мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов. Бұл міндет алғашқыда ақылы оқуға түсіп, артынан грантқа ауысқан түлектерге жүктелетін болады.
«Мысалы, студент алғашқыда грантқа оқуға түседі, соңғы курста немесе жарты жыл қалғанда ақылы негізге ауысады. Ол ақылы негізде оқуды бітіргеннен кейін ол түлектер жұмысты өтемейді. Ал ақылы негізде оқып жүрген түлектеріміз оқу үлгерімі жақсы студенттер үшінші курс болар, төртінші курс болар, грантқа ауысып жатады. Олар оқуды грант есебінен бітіргеннен кейін, олар қанша жыл оқыса да, қарамайды, үш жыл жұмысты өтеуі керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты
Әбдіманап Бектұрғанов.
Түйткілді түлектің мемлекеттік білім беру тапсырысында оқу ұзақтығына пропорционалды түрде еңбекпен өтеу мерзімін белгілеу арқылы шешу ұсынылды. Осылайша, жоғарғы оқу орнын тәмәмдағандар бюджет қаражатынан қанша жыл оқыса, тек сол кезеңді еңбекпен өтейтін болады. Ал Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин келер жылдан бастап еліміздің университеттері жеке үлгідегі дипломын бере бастайтынын айтты. Осылайша заң жүзінде жоғары оқу орындарына білім беру қызметінде толық дербестік беріледі. Демек, білім сапасы үшін жауапкершілік жоғары оқу орындарының өздеріне жүктелмек, – деп атап өтті Мәжіліс төрағасы.
«Әрбір жоғарғы оқу орны өздері берген дипломын бағалай білуі қажет. Осыған байланысты жоғары оқу орындарында білім беру жетістіктеріне мониторинг жүргізу қаншалықты орынды деген сұрақ туындайды? Оның үстіне, бұл мониторинг қандай да бір ЖОО-ның білім беру бағдарламаларының сапасы туралы ешқандай түсінік бермейді. Тағы бір айта кететін жағдай, білім беру қызметін бақылау керек. Енді университеттер бақылаусыз қалуы мүмкін деген жалған пікір қалыптаспауы керек. Дипломдарды қалай болса, солай береміз деген жансақ ойды болдырмау қажет», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс спикерінің сөзінше, Білім министрлігі Бас прокуратураның Құқықтық статистика орталығы арқылы жоғарғы оқу орындарын нарық субъектісі ретінде қарай алады. Бұл уәкілетті органға, яғни Білім министрлігіне жоғары оқу орындарының білім беру қызметін тереңірек талдауға және оларға тиісті баға беруге мүмкіндік береді.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан