|
26.06.2021 | 13:56
7116

Сондай әдемі, жолдармен жүре бергің келеді − «Жаңа Алматы» тұрғындары атқарылған жұмысқа бағасын берді

2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспарына 943 миллиард 7 миллион тенге бөлінеді

2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспарына 943 миллиард 7 миллион тенге  бөлінеді. Қомақты сомаға нақты қандай жұмыстар жасалады? Шеткі аудандарда нендей мәселелер шешілмек? Осы уақытқа дейін қандай тірлік тындырылды? Осы сұрақтарға Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек жауап іздеді.

«Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары шеткі аудандарды орталықпен бірдей етіп қалыптастыруға бағытталған. Жыл басынан бері Алматыда 40,5 шақырым сумен жабдықтау және 12,5 шақырым кәріз желілерін тарту жұмыстары жүргізілді. 75 мыңнан астам тұрғын тұратын 17 шағын ауданда коммуникациялар құрылысы жүріп жатыр. Наурызбай ауданында «Қарғалы» су қабылдау және сүзу стансасының құрылысы қарқынды жүруде. Ақсай өзенінде осыған ұқсас нысанды жобалау аяқталуға жақын. Осы стратегиялық нысандар пайдалануға берілгенде 130 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етіледі.

«Кешенді даму жоспары 2020-2024 жылдарға арналған және жыл сайынғы жобалар шамамен 200 млрд теңге көлемінде жобалық қаржыландыруды қажет етеді. Жобаны қаржыландырудың жалпы сомасы 943,7 млрд теңге. Бүгінде қала шетінде көлік, бизнес және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша 286 жоба жүзеге асырылуда», − деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Жайлы жағдай жасау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаланы жарықтандыру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Мегаполистің барлық көшелеріне сыртқы жарық орнату міндеті қойылды. Жыл басынан бері 508 көшедегі жұмыс аяқталған. Қалған 601 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр.

Алматының 49 көшесінде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді, 41 көшеде жұмыс жалғасуда. Биыл ұзындығы 227,5 км болатын 225 көшені жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 18 көше магистральды –  олар Рысқұлов даңғылы, Сәтбаев көшесі, Солтүстік айналма, Сүйінбай даңғылы, Құрманғазы көшесі. Барлық жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Думан ықшам ауданындағы 53 көше де толығымен жаңартылып жатыр. Оның ұзындығы 30 шақырымнан асады. Жергілікті тұрғындар жүргізіліп жатқан жұмысқа көңілдерінің толатынын айтады.

«Думан ықшам ауданының жолдары күшті, әдемі болып қазір түзеліп қалды. Бұрын шаң-шаң, қиқы-жиқы, аяққа ыңғайсыз болып жүретін еді. Қазір сондай әдемі, жолдармен жүре бергің келеді», − деді Медеу ауданының тұрғңыны Бақытгүл Рахметжанова.

«Бұл көшелерден  баламен жүру мүмкін емес еді. Қазір, міне, ыңғайлы. Осылай сапалы жасап жатыр. Көңілімізден шығып жатыр. Өзіме Медеу ауданы қатты ұнайды. Балалар арбасымен де оңай шығуға, жүруге болады», − деді аудан тұрғыны   Жалғас Саматырова.

«Думан тұрғындарының жолдары өте күшті салынып жатыр. Әдемі трасса түсіп, қала сияқты болып қалды», − деді тағы бір тұрғын Салтанат Биқожа.

Бұдан бөлек қалада «Жаңа Алматының» сегіз шағын ауданында жалпы ұзындығы 108 шақырым болатын 415 көшеге жаңа жолдар салынуда. Сонымен қатар, халықты баспанамен қатамасыз ету басты міндеттердің бірі болып қала береді. Жыл соңына дейін аумағы 2 миллион 600 мың шаршы метрден асатын үй пайдалануға берілмек. Қалада «Шаңырақ» бағдарламасы іске қосылған. Сондай-ақ, былтырдан бері «Алматы жастары» бағдарламасы да сәтті жүзеге асып келеді. Өткен жылы әлеуметтік сала қызметкерлері, мұғалімдер және журналистер сынды мың маман иесі жеңілдетілген несиемен пәтер алды. Ал, осы жылы 116 отбасы аталған бағдарламамен арқылы баспаналы болды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир