|
04.08.2020 | 23:11
13335

Алматы жастары 3.0: Арнамыздың тілшісі бірінші кезең бойынша пәтер алғандардың қуанышын бөлісіп қайтты

Бірінші кезеңде 3 мың 220 өтініш түскен

Алматы жастары 3.0: Арнамыздың тілшісі бірінші кезең бойынша пәтер алғандардың қуанышын бөлісіп қайтты көрнекі сурет

«Алматы жастары 3.0» бағдарламасының бірінші кезеңінде 3 мың 220 өтініш түсті, оның ішінде 1 мың 35 адамға банкке жолдама берілді. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қалалық бағдарламаның шарттарына өзгерістер енгізілген соң 5 мың 471 адамнан жаңа өтініш түскен. Қазір олардың мыңға жуығына банкке жолдама берілген. Бірінші кезең бойынша пәтер алғандардың қуанышын бөлісіп қайтқан Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен толықтырсын.

31 жастағы Әлімақын Дүйсенәлі «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істейді. 5 жылдан бері Алматыда пәтер жалдап тұрып келген. Жастарға жеңілдетілген бағдарламамен пәтер беріледі дегенді естігенде ол бірден құжат тапсырыпты. Армандаған баспанасына қол жеткізіп, көптен күткен қоныс тойын жақында тойламақ.      

«Жұмыс істей жүріп бірден баспана алу қазіргі біздің қоғамдық жағдайға да дұрыс келмейді. Сол үшін осыны ескере отырып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жастарға жеңілдікпен пәтер берді. Бұл өзі руханиятқа да қазіргі қоғамның кез келген саласындағы жастарға қаратылған жақсы бағдарлама деп айтар едім», – деді «Қазақ әдібиеті» газетінің тілшісі Әлімақын Дүйсенәлі.

Еске салсақ, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шешімі бойынша бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің Алматыда тұрақты тіркеуде болуы талабы алынып тасталған еді. Осыған орай, 22 маусымнан 6 шілде аралығында өтініштерді қабылдау қайта жүргізілген болатын. Бағдарлама шарттарына  өзгерістер енген соң 5471 өтініш түсіпті. Қазіргі таңда оның мыңға жуығына банкке жолдама берілген. Енді олар өз төлем қабілетін растауы қажет.

«Берілетін қарыз соммасы 13 миллион теңгеге дейін. Төлем қабілетін растау үшін өтініш беруші банкке соңғы алты айдағы кірісі туралы анықтама алып келуі қажет. Егер төлем қабілеттілігі расталмаса, онда тең заемшы, яғни гарант алып келуі қажет. Тұрғын үйдің бағасына ешқандай шектеу жоқ. Заемшы 13 миллионнан артық қаражатты өзі қосса болады. Және құжат тапсыру кезінде өтініш берушінің шотында 1 миллион 300 мың теңге болуы қажет», – деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Данагүл Түсіпова.

Айта кету керек, бұл бағдарлама арқылы құрылыс компаниясынан да, үй иесінен де және енді салынып жатқан пәтерді де сатып алуға болады. Қазіргі уақытта білім саласының қызметкерлері берген 1964 өтініш қаралу үстінде. Ал, қабылданбаған өтініштердің негізгі себептері: кейбірінің жеке баспанасы болса, кейбірінде зейнетақы қорына төлем жасалмаған. Екінші кезең бойынша бағдарлама талаптарына сай болмағандықтан 2527 өтініш қабылданбады.

Арнат Дүйсен, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир