Алматыда өкпесінің 90 пайызы қабынған жүкті келіншек пневмониядан жазылып шықты

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
23 жастағы жүкті келіншек ауыр жағдайда дәл осы перзентханаға келіп түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өкпесінің 90 пайызы қабынған жүкті келіншек пневмониядан жазылып шықты. Білікті дәрігерлердің өзі бұл ғажайып оқиға деп отыр. Науқас әйел баланы аман-есен босана алды ма? Ана мен баланың жағдайын Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай біліп келді.

23 жастағы жүкті келіншек ауыр жағдайда дәл осы перзентханаға келіп түскен. Реанимацияда бір айға жуық жатқан науқас, ауруынан айығып, бүгін де үйіне шығарылып жатыр.

Динара Серікбол пневмония кезіндегі ентігу мен қызудың көтерілуін жүктілік алдындағы белгілер деп ойлаған. Науқас 2 шілде күні асқынған аурумен қалалық №2 перзентханаға түсіп, бірден жан сақтау бөліміне жатқызылыпты. Қандағы оттегі мөлшері тым аз болғандықтан 27 күн инвазивисіз өкпені желдету аппаратымен тыныс алған. Келіншек сауықтыру кезеңінде медицина мамандарының бақылауында болады.

«90% өкпенің қабынуымен түстім. Өзім босандым. Өліп кетерміз деп ойладым, өйткені екуміздің де жағдайымыз ауыр болды. Бірақ шүкір қазір жақсы барлығы. Өзім де балапаным да, барлығы аман-есен», – деді қала тұрғыны Динара Серікбол.

5 сағатқа созылған босандыру шараларына неанатолог, гинеколог, медбике, анестезиолог дәрігерлерден құралған үлкен топ қатысқан.  Келіншек дүниеге дені сау ұл бала әкелді. Сәбиден коронавиус инфекциясы табылмағандықтан, 2 күннен кейін ауруханадан шығарылыпты. Нәрестенің жағдайы жақсы дейді дәрігерлер.

«Баланың жағдайы қалыпты. Туыла салып айқайлағанда көңіліміз орнына түсті.  Науқастың өмір сүруге деген ынтасы мен құлшынысы бізге де үлкен күш берді. Ол әрдайым біздің нұсқаулығымызды тыңдап, кеңесімізді бұлжытпай орындап жүрді», – деді қалалық №2 перзентханасының реанимация бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Байболова.

Елімізде коронавирус індеті мен пневмония өршуінен мегаполистің әрбір перзентханасында провизорлық бөлім ашылған. Айта өту керек, Қазақстанда бір жылда өкпе қабуынуынан қайтыс болғандар саны 2 есеге өскен.

Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров