Алматы жылу маусымына 92 пайыз дайын және қыркүйек айының соңына дейін тиісті жұмыстар жасалып, сақадай сай болады. Бұл туралы «Алматы жылу желілерінің» баспасөз хатшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, жылу маусымы қашан басталатыны жергілікті басқару органдарының қаулысынан кейін белгілі болады.
«Біз 23 қыркүйекке дейін гидравликалық сынақтарды аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Биылғы пандемияға байланысты жылу желілерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмесе де, жоспарлы жұмыстар жүргізілді», – деді «Алматы жылу желілері» баспасөз хатшысы Наталья Инкина
Алматыда 14 су сорғыш стансалары бар. Қала әкімдігі олардың барлығын террористік актілерге осал нысандар қатарына енгізді. Тиісінше, енді олар қоршалу керек. Қазіргі уақытта барлық 14 стансаның 4-інде инвесторлардың қаражатына құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ал, стансалардағы инвестициялық жобалар қалай жүзеге асырылып жатқанын қалалық табиғи монополияларды реттеу департаментінің мамандары тексерді.
«2019 жылы барлық 14 нысанның жобалық-сметалық жұмыстары жасалды. Жалпы бюджет 190 миллион теңгені құрайды. Жоспар бойынша желтоқсан айының соңына дейін тапсыруымыз қажет. Десек те біз одан ерте аяқтауды көздеп отырмыз», – деді «Алматы жылу желілері» ЖШС техникалық директоры Данияр Қазымбетов.