Б. Сағынтаевтың есепті кездесуінде шеткі аудандардың тұрғындары белсенділік танытты

Б. Сағынтаевтың есепті кездесуінде шеткі аудандардың тұрғындары белсенділік танытты
Жиын барысында шағын аудандардағы жол, жарық, ауыз су мен кәріз жүйесі және инфрақұрылым бойынша түрлі сауалдар қойылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Есептік кездесуге Алатау мен Наурызбай ауданының тұрғындары қатысып, қордаланған мәселелерді ортаға салды. Жиын барысында шағын аудандардағы жол, жарық, ауыз су мен кәріз жүйесі және инфрақұрылым бойынша түрлі сауалдар қойылып, шаһар басшысы алдағы уақытта түйткілдердің шешілетінін алға тартты. Жергілікті халық тағы қандай мәселелерді көтерді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Бүгінгі шаһар басшысының есептік кездесуіне жиналған Алатау ауданының тұрғындары бүгін қордаланған мәселелері бойынша сауалдарын қоюда. Alatau creative hub орталығында өтіп жатқан кездесуге келіп, дәл осы бөлімде отырған адам саны 20-ға жетеді. Ал қалған азаматтар сыртқы бөлімде өз кезектерін күтуде. Оларға жергілікті әкімдік арнайы қабылдау ұйымдастырып, халықтың өтініш-сұрақтарын тіркеп отыр. Жалпы, мұнда барлығы карантин талаптарына сай жүзеге асуда. Келушілерде медициналық бетперде бар, арақашықтық сақталған.

Алатау ауданының тұрғындары шаһар басшысының кезекті есеп беруіне белсенді қатысып, шағын аудандардағы біраз мәселені көтерді. Жергілікті тұрғындардың бірі Шеткі ауданда орналасқан жылу электр стансасы көптен бері ауаны ластап келетінін айтып, қала әкіміне газ құбырларын жүргізуді өтінді.

«Алатау ауданында ТЭЦ-2 орналасқан ғой. Сол ТЭЦ-тен шыққан түтін, әсіресе, желді күні Саялы аудланын түншықтырып жібереді. Сондықтан осыны газға ауыстырса деген өтінішпен келген едік. Енді қазір өтінішімізді әкім тыңдады, оны шешеміз деп уәде беріп отыр», – деді Алатау ауданының тұрғыны Нұрлан Өмірқұлов.

Мегаполис басшысы жылу электр стансасы бойынша шаруалар жүріп жатқанын алға тартты. Алдағы уақытта бұл мәселе толық шешілетініне де тоқталды.

«Келесі жылы жұмысын бастаймыз. 2-ТЭЦ-те екі котел бар. Жанына 2 котелдан ауыстырып отырамыз. 2022 жылы 2 котел, 23, 24, 25 жылдары соңында бітеміз. Бүгінде ауаға шығарып отырғаны  38 мың тонна болса, 2025 жылдың соңында 6 есе төмен түседі деген сөз. Алла жазса, келесі жылдың басында сәуір айында жұмысымызды бастап, келесі жылыту маусымы басталғанға дейін газға ауыстыру жоспарланып отыр», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алатаулықтар Өжет ықшам ауданындағы жолды жөндеп беруді де сұрады. Лай мен батпақтан көз ашпаймыз дегендер су мен кәріз жүйесін салу кезінде жолдың қопарылғанын айтады. Зерделі ықшам ауданында бой көтерген үйлердің қисық болуына байланысты жөндеу жұмыстары қажет екені де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ аудандағы су, жарық, кәріз жүйесі мен ойын, спорт алаңдарын салу бойынша да мәселелер көтерілді.

«Жол мәселесі. Көшелеріміздің бәрін қопарып кетті. Балшықты кешіп жүрміз. Жарығымыз ылғи өше береді», – деді Алатау ауданының тұрғыны Роза Рыспаева.

«Зерделі ықшам ауданының тұрғыны болғандықтан, бізде салынған үйлер сәл қисайып тұр. Сол қисайған үйлерді орнына қалыпқа келтіру. Ол жерде тұру өте қауіпті», – деді Алатау ауданының тұрғыны Индира Анарбайқызы.

Ал, Наурызбай ауданынының тұрғындары Алтын Орда жол айрығының ұзақ уақыт ыңғайсыздық туғызып отқанын айтып шағымданды. Облыстан қалаға қатынайтын тұрғындар күнделікті кептелісте көп уақыт жоғалтады екен.

«Алтын Ордадағы кептелісті айттып, сұрақ қойдым. Таңертең жұмысқа бару үшін 2 сағат жүреміз. Қайтарда тағы да 2 сағат тұрамыз. Өміріміздің көп бөлігі осы кептелісте тұрумен өтеді», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Мәди Таукешев.

Шаһар басшысы Алтын орда жолайрығы бойынша қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын айтты.


«Министр мырза сөзінде айтып өтті. Жылдың соңында бітіреміз деп. Енді Сонша жыл күттік. Тағы да күтейік. Мен де тезірек біткеніне ынталымын», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.


Ауыз су – Наурызбайлықтар үшін түйткілді мәселе. Кездесу барысында тұрғындар Шеткі аудандарды орталық су дүйеміне қосуды сұрап, жарық тарифтерінің төмендетілуін талап етті. Ал, Тастыбұлақ халқы тозығы шыққан жолды қала әкімінен жөндеп беруін сұрады.

«Бау-бақшада су өте нашар. Жаздың кезінде су мүлдем болмай қалады», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Бауыржан Досжанов.

«Тастыбұлақ ауданында тұрамын. Негізгі мәселе – жол. Осы ауданда су құбырларын жүргізу жұмыстары жүргізілген еді. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда не көлік, не жаяу жүргіншілер жүре алмайтындай жағдайға жеттік», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Сәуле Опабек.

Жалпы Наурызбай ауданының 80-ге жуық азаматы бүгінгі кездесуге қатысты. Жиын барысында тұрғындардың жазбаша сауалына арналған арнайы жәшіктер де қойылып, карантин талаптары түгел сақталды.

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров