Бүгінгі таң қазақ журналистикасына қайғы жамылтып, ортамыздан белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлын алып кетті. Ғұмырының 45 жылын отандық телевизияға арнаған азаматтың өр тұлғасы, биік қалпы, кәсіби болмысы көзі қарақты көрерменнің көңілінде сақталып қала бермек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақ теледидарының қалыптасып, даму жолында ел азаматтары есепсіз еңбек етті, тер төкті. Бірақ 60 жылдан астам ғұмыры бар ұлттық телевизия тарихында қадау-қадау ірі тұлғаларды халықтың өзі даралап шығарады, уақыттың өзі екшеп алады. Сол қалпы биік қарағайдай азаматтардың бірі Нұртілеу Иманғалиұлы еді. Ол 5 жасынан әріп танып, қатарластарынан елгезектігімен, алғырлығымен дараланған. Нұртілеу Иманғалиұлын қазақ журналистикасының қара нары еткен де сол бөлек болмысы, берік мінезі еді.
«Нұртілеу аға елгезек еді. Нұртілеу Иманғалиұлы ұстаз еді. Талай шәкірттер тәрбиеледі. Көрермендер өзінің тілеуін тілеген Нұртілеуінен айырылып отыр. Нұртілеу Иманғалиұлының өмірден өтуі – бұл қазақ журналистикасына түскен ауыр қайғы. Барлық журналистерге көңіл айтқым келеді», – деді «Almaty» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова.
«Менің ұғымымда ол шынайылығымен осындай дәрежеге жетті. Мен айтар едім, Нұртілеу ағамыз журналистік жолында да, адами болмысымен де мүлде, дара тұлға», – деді журналист Зейін Әліпбек.
Нұртілеу бейнесі тәуелсіздік таңы атқанда бұрынғыдан да жарқырай түсті. Елбасымен бірге алғашқылардың бірі болып Америка Құрама Штаттарына, Түркияға барып, арнайы хабар әзірлеген де Нұртілеу Иманғалиұлы еді.
«Үлкен қабырғалы қазақтан айырылды қазақ. Баяғының сал-серісі секілді... Солардың көзіндей, солардың сөзіндей азамат қой. Нұртілеу деген аттың өзінде талай нәрсе тұр. «Өлді деуге бола ма? Ойлаңдаршы» деген Абайдың сөзі толығымен келеді. Өлмейтұғын сөз де қалдырды, өлмейтұғын іс те қалдырды, өлмейтұғын хабарларын қалдырды», – деді журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп.
Құнды хабарларымен көрермен жүрегінен орын алған журналистиканың қара нары отандық баспасөзге мол еңбек сіңірді. Оның «Көзқарас», «Көкпар», «Бетпе-бет», «Арнайы репортаж» сынды авторлық бағдарламалары қазақ телевизиясының мұрағатында алтын қор боп сақталып қалды. Ал өмірінің соңғы жылында тізгіндеген «Нұр-Тілеу» хабары азаматтың асқақ атын аспандата түскен бағдарлама еді.
«Оның әр ісінде, әр телехабарында, әр сөзінде, әр айтқан ойында бүкіл адами қасиеті жарқырап көрініп тұратын. Міне, содан-ақ белгілі... », – деді журналист Қымбат Досжан.
«Қатал тағдыр пендесін көзден жасырғанмен, қоғам игілігіне сіңірген еңбегін жасырып қалуға дәрменсіз. Ендігі жерде ағамыздың... Ағамыз енді тарихтың таусылмас ғұмыры, жығылмас тұғыры ғой», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс.
Нұртілеу Иманғалиұлы тұлға еді. Ал тұлға болу оңай емес, оның өзіндік сан алуан құпиясы бар. Сол құпияны бір білсе, бар ғұмырын телевизияға арнаған Нұртілеу Иманғалиұлы білді. Елінің бай-қуатты болуын тілге тиек еткен азамат енді көңіл көгінде, халық жадында.