Бюждетке қатысу: Медеу ауданында жыл соңына дейін 8 спорт және балалар алаңы берілмек

11.08.2020 01:36

Бұл саябақ Медеу ауданы тұрғындарының сұранысы бойынша абаттандандырылып, жаңа балалар алаңы салынып, қайың отырғызылған

Фото: ашық дереккөзден

Медеу ауданында жыл соңына дейін 8 спорт және балалар алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Халық игілігі үшін жасалып жатқан бұл жұмыстар мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында «Бюждетке қатысу» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отыр. Жазық алаң болып тұрған жерлер аз уақыттың ішінде көрікті саябаққа айналмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл саябақ Медеу ауданы тұрғындарының сұранысы бойынша абаттандандырылып, жаңа балалар алаңы салынып, қайың отырғызылған. Жалпы аумағы 2300 шаршы метрді құрайды. Саябақта бір мезетте 7500 адамға дейін еркін демала алады.  

Ауданда «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында осындай 8 пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Қала әкімінің қолдауымен жоба аясында әр ауданға 500 млн теңге бөлінген еді. Мақсат – тұрғын-үйлер ауласына балалар алаңын салу және бос жатқан жерлерге халық демалатын скверлер орнату.

«Жыл басынан бері "Бюджетке қатысу" жобасы аясында 52 жоба ұсынған едік. Оның 8-і тіркелді. Қазір әр аймақта жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі Думан - 2 шағын ауданындағы саябақтың құрылысы. Ол ноябрь айында тапсырылады деп жоспарланған», – деді Медеу ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Оралхан Аманқұлов.

Бұдан бөлек, «Бюджетке қатысу» жобасы аясында аудандағы өзен аңғарлары қоршалып, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Бір ғана Думан – 2 шағын ауданында 200 түп ағаш егілген. Тұрғындар аудан аз уақытта көркейіп келе жатқанына дән риза.  

БЛИЦ:

- Осы жерде 10 жылдан бері тұрамын, бұрын бұл жерде бір ғана футбол алаңы болған, қазір енді мынандай балаларға арналған алаң саланып, талдар отырғызылды. Соңғы 2 жылда ауданымызда үлкен өзгерістер болып жатыр.

Жұмыстың жүйелі жүргізілуі мен сапалы өнімнен салынуын қалалық қоғамдық кеңес өкілдері бақылайды. «Бюджетке қатысу» жобасының ерекше тұсы - құрылыс жоспары қала тұрғындарымен кеңесе отырып жасалады. Бұл билік пен бұқара арасында ашық қоғам қалыптасуына үлкен мүмкіндік дейді қоғамдық кеңес мүшелері.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы