Табиғатты ластайтын өндіріс орындарына санкция салу қажет – Сенат депутаттығына үміткер

11.08.2020 01:49

Ол өзінің сайлауалды бағдарламасы экологиялық қауіпсіздікке негізделгенін ерекше атап өтті

egemen.kz

Табиғатты ластайтын өндіріс орындарына санкция салу қажет. Бұл туралы сенат депутаттығына үміткер Тимур Нұртаев қаланың жетекші үкіметтік емес ұйымдарымен онлайн кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның ойынша, экологиялық жағдайды жақсарту пандемияға қарсы ең тиімді құрал. Ал таза табиғат мықты иммунитеттің негізі. Осы орайда жауапкершілігі аз өндіріс орындары мен зауыттар қатаң қадағалануы қажет деп санайды кандидат. Сондай-ақ, ол өзінің сайлауалды бағдарламасы экологиялық қауіпсіздікке негізделгенін ерекше атап өтті.

«Халықтың  экологиялық сауатсыздығы жаппай ластануға алып келуі мүмкін. Мәселен, қоқыс тастау, ауруы бар үй жануарларын асырау немесе улы газ шығаратын автомобильдер экологияға үлкен зиян алып келеді. Ал, мемлекет деңгейінде нақты заңнамалардың жоқтығы да жағдайды ушықтырады. Пандемияға мықты иммунитет, қоршаған ортаның қауіпсіздігі мен қажетті медикаменттер дауа болады деп санаймын», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер Тимур Нұртаев.