Түрксіб ауданындағы Әлмерек, Нұршашқан, Қайрат ықшам аудандарының 200 мыңға жуық тұрғыны сапалы жарықпен қамтылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеше қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ауданда салынатын су жаңа электр бекетінің жобасын тексерген еді. Жоба әсіресе қалаға енді қосылған шағын аудандар үшін үлкен маңызға ие болады. Өйткені жергілікті тұрғындарды жарық мәселесі бұрыннан толғандырып келген.
«Бізде жарық жиі өшеді. Жарықпен қоса интернет те өшеді. Балаларға қиын. Қосалқы станция ескі. Жаңадан салынып жатыр дейді. Сол тезірек бітсе екен», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Мөлдір Нұрболқызы.
«Қыркүйекке дейін жасап бітсе деп отырмыз. Балалар сабаққа баратын кезге дейін. Осы жылы қатты қиналдық. Жарықтан да, интернеттен де», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Анар Тайбұрова.
Сонымен қатар Қайрат ықшам ауданында бұған дейін мектеп болмаған. Енді қазір 1500 орынға арналған мектептің құрылысы жүріп жатыр. Білім ордасы жыл соңында ел игілігіне берілмек. Жалпы ауданда қазір 1700 орын жетіспеушілігі байқалады. Жаңа мектеп бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.
«Бала-шаға да көп.Қазір бәрі шет-шетте қаланың ортасындағы үлкен мектептерде оқып жатыр. Оған барып-келу де оңай емес. Мектеп салынса тіпті жақсы болар еді», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Сәлиха Қасымқұлова.
«Қайраттың» ішінде мектебіміз жоқ біздің. Балалардың бәрі орталықта оқиды, қаланың ішінде. Кір жуғыш машинаны қоссақ, басқа нәрсені істей алмаймыз. Кішкене жел соқса, жарығымыз өшіп қалады», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Айман Бижанова.