Бюджетке қатысу: Алматыда үздік жобаларды анықтау үшін дауыс беру 9 қарашадан басталады

05.11.2020 01:39

800-ге жуық өтінім келіп түскен

Көптің көңілінен шыққан «Бюджетке қатысу» жобасында жақында дауыс беру басталады. Қазір түрлі сала мамандарынан құралған сарапшылар тобы келіп түскен идеяларды сұрыптап жатыр. Сонымен,  жоба жеңіске жету үшін қанша балл жинау керек? Оны ұтымды ету үшін сарапшылар тарапынан көмек бола ма? Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан толығырақ айтып берсін.

Алматылықтарға өзі қалаған аумағын көркейтіп, жаңа гүлзарлар салуға мүмкіндік беретін «Бюджетке қатысу» жобасында ең жауапты сәт жақындады. Енді халыққа дауыс беретін уақыт келді. Дауыс беру 9 қарашада ашық деп жарияланып, 23-і күні аяқталады. Ал 24 қарашада мамандар дауысты санайды. Биыл онлайн да, оффлайн да дауыс беруге болады. Халық қалауына қарай дауыс берудің өзіне ыңғайлы жолын таңдай алады. Қала тұрғындары сайт арқылы немесе қағаз түрінде дауыс беруіне болады.

«Егер өзіңізге онлайн дауыс беру ыңғайлы болса, онда «Бюджетке қатысу» жобасының сайтына кіруі қажет. Онда дауыс беру деген батырманы басасыз. Кейін өзіңізге ұнаған жобаны таңдаған кезде жүйе автоматты түрде электронды цифрлық қолтаңбаны немесе жеке сәйкестендіру нөмірін сұрайды. Екеуінің бірін таңдап, кейін өзіңіздің телефон нөміріңізді еңгізесіз. Келген кодты салған бойы дауыс саналады», – деді Алматы қаласын дамыту орталығының департамент директоры Әлия Жақсылықова.

Әр аудан әкімдіктерінде және Абай даңғылы мен Жароков көшесінің қиылысындағы Open Almaty фронт кеңсесіне жәшіктер орнатылды. Қағаз түрінде дауыс беремін десеңіз, жеке басты растайтын құжатпен келген жөн. Кейін мұнда мамандар қолыңызға өтінім береді. Оны толтырған соң, таңдау жасап, қағазды жәшікке тастасаңыз болғаны.

«Алматы қаласында тұрғылықты тіркеуі бар азаматтар ғана дауыс беруге құқылы. Бір адам бас-аяғы 3 жобаға өз дауысын бере алады. Ал жоба жүзеге асу үшін 10 баллдан аса жинау керек. Сонда ғана идеяның қолдау тапқанын көреміз. Бізге келген ұсыныстарды алдымен сарапшылар қарайды. Олар іріктеген соң ғана дауыс беруге жіберіледі. Әзірге қанша жобаның дауыс беру кезеңіне өткенін айту қиын», – деді Алматы қаласын дамыту орталығының департамент директоры Әлия Жақсылықова.

8 қарашада Алматыдағы 8 ауданның өкілдері «Бюджетке қатысу» жобасының сайтында қорытындыны жариялайды. Яғни, онда кімнің ұсынысы іріктелгенін білуге болады. Айта кетейік, жобаның екінші кезеңінде қала тұрғындары тарапынан 800-ге жуық өтінім келіп түскен еді.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы