Бюджетке қатысу: Наурызбай ауданында 129 млн теңгеге 8 жаңа нысан салынды

almaty.tv
almaty.tv
Зейнет жасындағы тұрғындар үшін «Белсенді өмір орталығы» да ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бюджетке қатысу» жобасы аясында Наурызбай ауданында 129 миллион теңгеге 8 жаңа нысан салынды. Игі бастаманың көмегімен аймақта спорт және ойын алаңдары, мәдениет орталықтары мен кітапхана, сондай-ақ, зейнет жасындағы тұрғындар үшін «Белсенді өмір орталығы» ашылды. Жоба аясында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйімен Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай танысып келді.

Белсенді өмір орталығында жергілікті қариялар өз замандастарымен бас қосып, уақыттарын тиімді өткізе алады. 20-дан астам қызмет түрін көрсететін орталықта зейнеткерлердің емдеу-сауықтыру жаттығуларымен айналысып, компьютерлік сауаттылықты арттыруына мүмкіндік жасалған. Келушілер тіпті шет тілдерін меңгере алады. Қазір бұл мекемеге 2 жарым мыңнан аса зейнеткер тіркелген. Карантинге байланысты қазір сабақтардың барлығы онлайн форматта өтуде.

«Қарияларымыз қызығушылығын, өз белсенділігін танытып отыр. Сабақтарымызға белсене араласады және ол кісілермен бізде кері байланыс бар. Үйге берілген тапсырмаларды мұқият орындап, бізге кері байланыс арқылы жіберіп отырады. Яғни бұл жерде не көруге болады? Осы кісілердің қызығушылықтарын көруге болады», – деді Наурызбай ауданы «Белсенді ұзақ өмір орталығының» жетекшісі Қарлығаш Алмабаева.

«Бюджетке қатысу» жобасы аудандағы заманауи Workout алаңын салуға да сеп болды. Тұлпар ықшамауданында салынған спорттық нысанда, енді сол маңайда тұратын тұрғындар шынығатын болады.

«Кішкене қалашық және  спорт кешені ұйымдастырылып жатыр. Біз осыған өте қуаныштымыз. Балаларымызға да, мына үлкен қарияларға да серуен жасағанға да өте қолайлы. Бізге өте ұнайды. Шешімін тапқанына сондай қуаныштымыз», – деді қала тұрғыны Маржан Салыбаева

Жоба аясында салынып жатқан нысандардың енді бірі – Қалқаман ықшамауданындағы «Шымыр бол» атты спорт кешені. Онда аймақтағы балалар бокс және күрес сияқты спорт үйірмелеріне тегін қатыса алады. 250 адамға арналған орталықтың құрылыс жұмыстары осы айдың ортасына дейін аяқталады.

«Осы айдың ортасына қарай бітеміз құрылысты. Қазір, міне, бояп жатырмыз енді. Соңғы жұмыстары деп ойлаймыз осыны. Осы бояудан кейін бітіріп, осы жерде осы жердің балалары спорт түрлері – күрестен, бокстан дайындалуға болады», – деді мердігерлік компанияның өкілі Айдынбек Апайтусов.

Ал биылғы «Бюджетке қатысу-2021»жобасына аудан тұрғындары жалпы сомасы 1 миллиард 870 миллион теңге болатын 52 өтінім берген. Нақты қандай жобалардың іске асатыны ашық дауыс беру кезеңінен кейін белгілі болады.

Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров