Дене қызуы өлшенбейді, бетперде тағу талап етілмейді: Алматыда ШОБ нысандары тексерілді

almaty.tv
almaty.tv
Қоғамдық орындарда медициналық маска тағып, алшақтық сақтау – коронавирустан сақтанудың басты шарты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қоғамдық орындарда медициналық маска тағып, алшақтық сақтау – коронавирустан сақтанудың басты шарты. Осы тұста, Алматыдағы шағын және орта бизнес нысандарының  жұмысы қалай жүзеге асуда? Кезекті тексерістің мән-жайын Almaty.tv тілшісі  Аяулым Көлжігіт тарқатсын.

6 қазаннан бастап, мегаполистегі бірқатар бизнес нысандарына кәсібін қайта жандандыруына рұқсат етіліп, қызмет көрсету уақыты ұзартылды. Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындары бұған дейін 23:00-ге дейін жұмыс істесе, қазір түнгі 00.00-ге дейін меймандарды қабылдай алады. Тек, санитариялық талаптар сол күйі қатаң түрде сақталуы қажет.

Шаһарда карантин жеңілдетілгелі бері ірі қоғамдық тамақтану орындарының біріне бас сұғып, мұндағы жұмысты бақылағанда, үстелдер арасында арақашықтық сақталғанын байқадық. Сондай-ақ, мекеме әкімшілігі ас алуға тапсырыс беретін жерге 1,5-2 метр арақашықтық сызықтарын да белгілеп қойыпты. Десе де келушілердің басым бөлігі ережені елемеген сыңайлы.  Себебі көпшілігінде медициналық бетперде жоқ, алшақтық сақталмаған.

Әуезов ауданында орналасқан бұл тамақтану орнында кіреберісте тепловизормен дене қызуы өлшенбейді және келушілерге бетперде тағу талап етілмейді екен. Десе де даяшылар мен аспаздар қорғаныш құралдарымен қамтылған, санитайзерлер мен тіркеу журналы бар. Бірақ кейбір жұмысшыларға бетпердесіз қызмет көрсеткені үшін хаттама толтырылып, бірнеше ескертулер жасалды.

«Енді біз бәрін ескеретін боламыз. Одан да ұқыпты болуға тырысамыз. Алдағы уақытта қателіктерді түзетіп, ескерту алмаймыз деп үміттенеміз», – деді қоғамдық тамақтану орнының иесі Жәмиля Асланқызы.

Сондай-ақ, жұмысы қайтадан жанданған автокөліктерге сервистік қызмет көрсету орталығы да тексерілді. Онда барлық санитариялық талап қатаң сақталыпты. Тіпті, тұтынушылар үшін сыртта бөлек күту орны жасалған.

Айта кетейік, Әуезов ауданындағы бірнеше нысандарды тексеруге 3 мобильді топ жұмылдырылды.

«Бүгін карантин талаптарының сақталмауы бойынша бірнеше факті тіркеліп, түсініктеме алынды. Енді хаттамалар аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жолданатын болады», – деді Әуезов ауданы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Руслан Тұрысбеков.

Жалпы Әуезов ауданы бойынша шағын және орта бизнес кәсіп иелерінің жұмысына жүргізілген тексеріс барысында 434 құқықбұзушылық тіркеліпті. Алдағы уақытта тексеру жұмыстары жалғасып, ереженің сақталуы қадағаланатын болады.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров