2021 жылы Түрксіб ауданында 38 жоба жүзеге асырылмақ

2021 жылы Түрксіб ауданында 38 жоба жүзеге асырылмақ
Қоғамдық орындарды жарықтандыру, жүргіншілер жолдарын жөндеу және абаттандыру жұмыстары қарастырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2021 жылы Түрксіб ауданында 38 жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде қоғамдық орындарды жарықтандыру, жүргіншілер жолдарын жөндеу және абаттандыру жұмыстары қарастырылған. Бұл туралы аудан басшысы 2020 жылды қорытындылаған арнайы брифингте мәлімдеді. Бүгінде өңірдің тыныс-тіршілігі қандай? Тұрғындардың көңілі тоқ па? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.

Әлемді әбігерге салған індетке қарамастан, Түрксіб ауданы экономика саласында айтарлықтай жоғары көрсеткіштер көрсеткен. Нәтижесінде, 3700 жаңа жұмыс орны құрылған. Одан бөлек, қала әкімінің қолдауымен ауданда мемлекеттік бағдарламалар да тиісті деңгейде жүзеге асырылды. Бұл ретте 1407 жаңа жұмыс орны ашылды..

«Қала әкімінің қолдауымен Түрксіб ауданын көркейту бойынша бірқатар жобаларға қаржы бөлінген. Мұндай жобаларды тиісті деңгейде жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруға сеп болды. Бұл ауданның экономикалық жағдайының дамуына зор септігін тигізді деп айтуға болады», – деді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров.

Шаһар басшысы қойған міндетке сәйкес, ауданның 99 %-ы орталықтандырылған газ жүйесімен қамтылған. Осы орайда 14 аз қамтылған отбасына ақысыз түрде газ құбыры тартылды. Боталкен Әбдібекова немересімен тұратын зейнеткер. Қария 2020 жылға дейін үйіне газ кіргізуге қаражаты болмай, әбден әбігерге түскенін айтады. Бүгінде әкімдік көрсеткен қолдауға алғысын жаудырып отыр.

«Мен білмедім газды. Сөйтсем тегін екен маған. Рақмет, тегін түсіріп берді. Рахатын мен көріп жатырмын газдың», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Боталкен Әлдибекова.

Ауданды көріктендіру жұмыстары да қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл ретте балалар алаңы мен саябақтарға күрделі жөндеу жұмыстары жасалыпты. Одан бөлек, ауданда 1 ескі үй сүріліп, орнына 3 жаңа үй тұрғызылған. 1932 жылы салынған ғимаратта тұратын аудан тұрғындары жаңа шаңыраққа қоныстануын тағатсыздана күтіп жүр. Бұл – қалаға көрік беріп, алматылықтардың жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарлама, дейді олар.

«Осы бағдарламаға іліккенімізге өте қуаныштымыз. 32 жылы салынған үйде тұрамын әзірге. Ал мына су жаңа тұрғын үйге көшетін уақытты күтіп жүрмін. Қарағанда көркіне көз тояр емес», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Ольга Андрейева.

«Өте қуаныштымыз. Жақын арада бізді көшіреді деп ойлаймын. Жаңа үй алу оңай емес. Ал біздің ескі үй орнына осындай бағдарлама бойынша мүмкіндік беріп отырғанына қуаныштымын», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Алена Осипова.

Айта кету керек, Түрксіб ауданы бойынша 2020 жылы 614 учаскеде жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе, 2021 жылы 89 учаске жарықтандырылады. 2497 үйде су жабдығы және су бұру желілерін өткізу жұмыстары жүргізілген. Ал, ауданда көгалдандыру мен абаттандыру аясында атқарылып жатқан шаруа да көп деді аудан әкімі.  

Жанар Ғанқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Графика:1

Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері:

өнеркәсіп өндірісінің көлемі:

2019 жылы - 194,4 млрд теңге;

2020 жылы - 215 млрд теңге.

5,7% (көп)

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі:

2019 жылы - 68,1 млрд теңге;

2020 жылы -81,5 млрд теңге.

13,2% (көп)

Құрылыс жұмыстарының көлемі:

2019 жылы - 16,8 млрд теңге;

2020 жылы -26,5 млрд теңге.

38% (көп)

Салықтық түсімдер:

2019жылы -94,9 млрд теңге;

2020 жылы -96 млрд теңге.

101% (көп)

3700 жаңа жұмыс орны құрылды.

Графика:2

5,2 млрд теңге көлемінде 23 жоба іске асырылды:

- Арық жүйелерін жөндеу жұмыстары;

- 4 бала-бақша, ВАЗ айналма жолы,  жөндеу жұмыстарынан өтті;

- 95 аула аумағына күрделі жөндеу жасалды;

- 115 аулаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді;

- Бірнеше жаяу жүргіншілер аумағына көріктендіру жұмыстары жүргізілді.

1407 жаңа жұмыс орны құрылды.

Графика:3

«Бюджетке қатысу» бағдарламасы:

2020 жылы - 5 жоба жүзеге асырылды:

4 балалар алаңы;

Салауат көшесінің бойымен Басқарасу өзені арқылы өтетін баспалдақ салынды.

2021 жылы - 38 жоба жүзеге асырылады:

- Скейт-саябағы;

- Қоғамдық пайдалану орындарын жөндеу және жарықтандыру;

- Жаяу жүргіншілер жолы, пандустар, арықтар салу және жөндеу;

- Контейнерлік алаңдарды жаңғырту.

Графика:4

2020 жылы:

614 учаске жарықтандырылды;

2021 жылы:

89 учаске жарықтандырылады.

Графика:5

2020 жылы:

-2497 үйде су жабдығы және су бұру желілерін өткізу жұмыстары жүргізілді;

- 3,5 шақырым су құбыры ауыстырылды.

Графика:6

2020 жылы - 45 мың ағаш отырғызылды;

2021 жылы - 20 мың ағаш отырғызылады.


Новости партнеров