Ескі жатақханада қазір 11 отбасы өмір сүріп жатыр
Алмалы ауданында 11 отбасы апаттық жағдайдағы үйде тұрып жатыр. Қаланың қақ ортасында, көпқабатты кешендердің арасында жалғыз тұрған ескі үйдің тұрғындары күнімізді қорқынышпен өткіземіз дейді. Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін анықтап көрді.
Масанчи 23 А мекен-жайында орналасқан мына барақ үй жан-жақтан салынған көпқабатты абат үйлердің жанында мүлде тасада қалғандай. Ескі жатақханада қазір 11 отбасы өмір сүріп жатыр. Мұндағы тұрғынның дені зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар.
Салынғанына 70 жылдан асқан үйдің төбесі әбден шіріп, бұған дейін бірнеше рет қақырап түсіп қалған. Ал тұрғындар болса қираған төбені өз беттерімен жамап, шұрық тесік қабырғаларды бітеумен әбден әлек боламыз дейді.
«Бәрі үгітіліп, қирап жатыр. Бұзылған жерлерді қаржы жинап, өзіміз жөндейміз. Ешқандай пәтер иелері кооперативіне қарамаймыз. Талай рет жергілікті әкімдікке жүгіндік», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Олег Никитенко.
Тұрғындар бара-бара көнерген үйдің астында қаламыз деп қорқады. Шіруге шақ қалған электр сымдары да қауіпті. Едендері едірейіп, шаңырағы шытынап тұр. Қамыстан тұрғызылған жер үйдің мұнымен жыры бітпейді.
«Су мен жылуды өшіріп тастаған еді. Бәріміз жиналып жүріп жанымызда тұрған бес қабатты үйден тартып алдық. Ал кәріз суы өтетін құбырды қасымызда тұрған басқа көпқабатты үйден жалғадық. Онда да сасық су жиі толып қалады», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Мәлік Жексенбинов.
Тұрғындардың сөзінше, үйдің құжаттарында да шикілік бар. Өйткені үйдің бір бөлігінде жеке меншік екі қабатты тұрғын үй, енді бір бөлігінде жеке ветеринарлық орталық орналасқан.
«Бізде экспертизаға шамамыз жоқ, көп ақша кетеді. Онсыз да 74 жыл болды. Оның ескі екені былай-ақ түсінікті. Қазір біз сұрасақ экспертиза дейді. Оның бәріне кім жүгіреді, бәріміз отбасымызды асырап жатырмыз»,– деді Алмалы ауданының тұрғыны Нұрмагамет Ахунов.
Ортада елеусіз қалған тұрғындар жаңа әрі қауіпсіз үйге көшуге, ескі үйді сүруге дайын екендерін айтып отыр. Ал жергілікті әкімдік үйдің орнына жаңасын салғысы келетін инвесторлар барын айтады. Алайда олардың өз талаптары бар екен.
«Шаршы метрге келіспеді, ақша жағынан сатып алғанға немесе басқа жерден қайталма тұрғын үйгеде келіскен жоқ. Инвестор 9 шаршы метрге 36 шаршы метр бере алмайды ғой, дұрыс қой? Тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, инвесторлармен қысқаша айтқанда таныстырамыз», – деді Алмалы аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Руслан Айтанов.
Яғни үйдің сүрілуіне барлық пәтер иесі толықтай келісім беруі керек. Тек содан кейін ғана жаңа үйге қоныстануға мүмкіндік тумақ. Жауаптылар тұрғындармен алдағы аптада кездесіп, мәселені шешуге тырысамыз деп сендірді.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы