Бүгін Алатау ауданының тұрғыны «Бастау Бизнес» жобасы арқылы өзінің тігін цехын ашты. 555 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болған Камал Төлеуқазиқызы «Бақытты отбасы» орталығының қолдауымен өз кәсібін бастап, сөмке тігуге арналған алғашқы құрал-жабдықтарын сатып алды. Қаламызда көпбалалы аналарға жасалып жатқан мол мүмкіндіктер турасында Almaty.tv тілшісі жалғастырады.
4 баланың анасы Камал Төлеуқазиқызы кішігірім цехым болса деп бұрыннан армандайтынмын дейді дейді. Бұған дейін шет мемлекеттерден тапсырыспен сөмке алдырып, саудамен айналысыпты. Ал карантин басталғанда бұл ісі тоқтап, көпбалалы ана «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы оқу оқып, өзінің кісібін ашуға мүмкіндік алған.
«Атамекен Бастау Бизнеске» барып көрдім. Келіп өтініш жазыңыз, сосын жолдама береміз, содан оқисыз деді. Жолдама алып, 21 күн онлайн оқыдым. Бизнес план жаздым. Ойламаған жерден жоғары балл жинап, құжаттарымды өткіздім. Құжат тапсырғаннан кейін 1 аптадан соң ақша түсті. Сол ақшаға өзім көптен бері армандап жүрген тігін машиналарын алдым»,– деді кәсіпкер, көпбалалы ана Камал Нұрқаева.
Былғарымен жұмыс жасайтын тігін мәшинесін сатып алғалы Камал Төлеуқазиқызы біраз тапсырысты орындап үлгеріпті. Сүйікті ісімен айналысатын кәсіпкер енді осы цехын ұлғайтпақшы.
«Ары қарай бұл кісі цехын үлкейтіп, тағы да грантқа 5 миллионға дейін инновациялық грантқа құжаттарын өткізбекші. «Бақытты отбасы» орталығы сол жағынан көмектеседі. Біздің орталық әйелдерді қолдап, оқытып, өзін-өзі таба алмай жүргендерге көмек көрсетеді. Қазір ондаған бизнестер ашылып жатыр»,– деді Алатау аудандық «Бақытты Отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Басирова.
Былтыр «Бастау Бизнес» жобасы аясында Алатау ауданында 813 адам арнайы курсты оқып шығып, оның 398-і 555 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды.
«Камал Төлеугазиевна апайымыз, көпбалалы ана өзінің әйелдерге арналған сөмке тігу цехын ашты. «Бастау Бизнес» жобасы көпбалалы аналарға, аз қамтылған, үйде отырған отбасыларға үлкен мүмкіншілік береді. Өз ойындағы кәсібін ашып, кәсібінің жемісін көріп, табыс тауып жатыр»,– деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Алатау аудандық филиалының директоры Айбек Қазыкенов.
Былғарыны, сөмке тігуге қажетті басқа да бұйымдарды кәсіпкер Италия елінен алғызады екен. Сәйкесінше, оның бағасы да жоғары болады. Сол себепті тапсырыс берушілердің сұранысына сай болатындай, құны жағынан да бәріне тиімді түсетіндей сөмке тігу басты міндеті.
Сая Меңдеке, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы.