Алматының Алмалы ауданында бұрын жекенің қолына өтіп кеткен балабақшаның бөлігі сатып алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
№ 43 мектепке дейінгі мекемеде 75 бала тәлім ала алады. Алдағы жылы нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
«Алмалы ауданында 34 мыңға жуық баланы орта біліммен қамтитын 29 мектеп жұмыс істейді. Мектепте орын тапшылығы бар. Бұл мәселені мектептерге қосымша ғимарат салу арқылы шешіп жатырмыз. Биылғы жылдың өзінде аудандағы №34, № 144 екі мектепке 850 бала сиятын 2 қосымша ғимарат іске берілді. Бұдан бөлек аудан бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы мектеп инфраструктурасын жаңалап жатыр. Ал №15 мектепте күрделі жөндеу жұмысы басталды. Келесі жылға аудандағы №58 және №136 мектептерге күрделі жөндеу жұмысы жоспарланып отыр», – деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова.
Балабақша мәселесі қашанда өзекті. Ауданда 27 мемлекеттік балабақша жұмыс істейді.
«Иә, ауданда 27 мемлекеттік балабақша жұмыс істейді. Балабақшадағы орын тапшылығы жеке балабақшалардың ашылуы және соларға мемлекеттік тапсырыс беру арқылы шешіліп жатыр. Биылғы жылдың өзінде Алмалы ауданы бойынша 225 балаға мемлекеттік тапсырыс алған. 5 балабақша жұмыс істей бастады. Және де балабақшалар туралы айта кететін болсақ, биыл № 7 балабақшаның күрделі жөндеу жұмысы аяқталды», – деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова.
Алмалы ауданында мемлекеттік кітапхана, қарт азаматтарға арналған белсенді өмір сүру орталығы ашылды.
«Бұдан бөлек ауданымызда әр саладағы әлеуметтік нысандар іске қосылып, жұмысын осы халыққа әлеуметтік салада қызмет көрсетіп жатыр. Оның бірі – Мәуленов көшесіндегі мемлекеттік кітапхана. Ол кітапханада әртүрлі жастарға, көпшілікке арналған курс ашып жатырмыз. Оның бірі - қазақ тілі курстары. 2-апта болды, курс жұмысын бастады. Мәуленов көшесі бойында «қарт азаматтарға арналған белсенді өмір сүру орталығының» мемлекеттік кәсіпорны мекемесі өзінің жұмысын бастады. Зейнет жасындағы азаматтарымызға 30-дан астам әлеуметтік қызмет көрсетіп жатыр», – деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова.