150-ге жуық сұрақ кеп түсті: Бостандық ауданы тұрғындарын алаңдатқан мәселелер қандай

Almaty.tv
Almaty.tv
3 сағатқа созылған онлайн кездесуде аудан басшысы 85 түрлі мәселеге жеке-жеке тоқталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Есептік кездесудің кезегі – Бостандық ауданының әкімінде. Бүгін Алматы телеарнасының тікелей эфирінде  өткен жылды Алтай Ерғазыұлы қорытындылады. 3 сағатқа созылған онлайн кездесуде аудан басшысы 85 түрлі мәселеге жеке-жеке тоқталды. Осы уақыт аралығында халық жиналған арнайы орындардан, телефон, уатсап және әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан 150-ге жуық сұрақ келіп түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Пандемияға қарамастан 2020 жыл Бостандық ауданы үшін игі істерге толы жыл болды. 128 үйге көгілдір отын тартылған. Ал, биыл тағы 158 үйге газ қосылады. Тозығы жеткен кәріз жүйелері де жөнге келді. 3,5 шақырымға жуық су желісі жаңартылған. Дей тұрғанмен қалада халық санының артуымен әлеуметтік түйткілдер де көбеюде.

«Біз әлі күнге дейін Үлкен Алматы көлінен келетін техникалық суды ішіп отырмыз. Сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай келеміз. Қазір бізге келетін техникалық су өте қауіпті. Себебі сүзгіден өтпейді, тазартылмайды», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Асқар Бижанов.

«Жобалық-сметалық құжаттамалардың әзірленуіне қарай сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысына тікелей кірісеміз. Көшені бірнеше рет қазбау үшін осы желілерді қатар салуды жоспарлап отырмыз», – деді Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов.

Ал,ауданда жарықтандыру мәселесі де ең өзектілердің бірі. Түйткілді реттеу үшін былтыр ауданда 3 шақырымға жуық электр желісі жүргізілген. Ал, биыл 155 көшеге жарық бағандары орнатылмақ. Осы орайда Ерменсай шағынауданының тұрғындары атынан әкімге өтініш айтуға Венера Бегімбетова келді.

«Менің сұрағым Центральная көшесіне қатысты. Онда жарық жоқ. Кешкісін балалар мен қарттарға өте қауіпті. Себебі ол көшеде көліктің ағыны үлкен», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Венера Бегімбетова.

«Осы жылы қала әкімі барлық көшелерді жарықтандыруды тапсырған еді. Қазіргі уақытта қалаға кейіннен қосылған аймақтарға тиесілі 124 көшеде жарық жоқ. Жыл соңына дейін ауданымыздағы барлық көшеде бағандар орнатылады. Оған сіз айтқан Центральная көшесі де кіреді», – деді Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов.

Кездесуге келген Орбита-1 ықшамауданының тұрғындары әл-Фараби даңғылы бойындағы кейбір аулалардың жөндеуді қажет ететінін айтты. Сондай-ақ, ескірген ойын алаңдарын да тілге тиек етті.

«Мені балалар алаңы мен тұрғын үй аулаларын модернизациялау мәселесі алаңдатады. 3-4 жылдан бері көптеген алаңдар жаңғыртылып жатыр. Ал, Тұңғыш Президент саябағына қарама-қарсы биік тұрғын үйлердің ауласы осы уақытқа дейін жөндеу көрген жоқ», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Галина Потешкина.

«Аудандағы барлық аула келесі жылдың соңына дейін толығымен абаттандырылады. Ал, биылғы жылы 100 тұрғын үйдің ауласына жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – деді Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов.

Пандемия жағдайында өткен кездесу үшін аудан тұрғындары үш орында жиналды. Онда карантиндік шаралардың бұзылмауына баса назар аударылды. Кіреберістерде келушілердің қызуы өлшеніп, өзара бір метр арақашықтықта отырғызылды.

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров