|
22.01.2021 | 20:51
2096

«Алматы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 2021 жылға жоспарланған жұмысының бағыттары бекітілді

Жиын соңында Ержан Бабақұмаров жобалық кеңсенің 2021 жылға арналған міндеттерін белгілеп, қалалық басқармалар басшылығы мен аудан әкімдіктеріне бірқатар нақты тапсырма берді

«Алматы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 2021 жылға жоспарланған жұмысының бағыттары бекітілді

«Алматы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 2021 жылға жоспарланған жұмыстарының нақты бағыттары бекітілді. Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті қызметкерлерімен кеңес өткізіп жобалық кеңсе қызметінің мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Алматы адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметінің мәселелері бойынша өткен жиында жасалған жұмыс қорытындылары талқыланды.  «Адал бол», «Адал жол» секілді түрлі жобалар - метрополитен жолаушылары үшін және сауда дүкендерінде халықтың өзіне-өзі қызмет жасауында тиімді болып, оң нәтижие көрсеткені айтылды. Ал, қала әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров бірлескен жобаларды жүзеге асыруда жеткен жетістіктері үшін Александр Братенковқа алғыс айтып, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаевтың атынан алғыс хат табыстады.  

«2020 жылы біздің кеңсеміз Алматы қаласы үшін өте маңызды жобаларды іске асырды. «Адал бол» жобасы – қала халқына қызмет көрсетудің жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталады. Яғни, бұл құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін қажет. Қазір мегаполисте ашықтық үрдісі байқалады. Алматы сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша «қызыл аймақтан» шықты. Жалпы жұмыс дұрыс бағытта жүріп жатыр», – деді қоғам қайраткер Александр Братенков.

Ал, жобаның  жаңа басшылығына «Ізгілік елшісі» еріктілер қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова ұсынылды. Жалпы бұл жоба Алматыда екі жылдан астам уақыттан бері жүзеге асырылып келеді. Басты мақсат сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық деңгейін қысқартып, адамгершілік қағидаттарын белсенді дәріптеу,  дейді қоғам белсенділері.  

«Азаматтық қоғамның бәрі жемқорлыққа қарсы жұмылып, ауызбіршілікпен қарсы шығуымыз керек. Былтырғы наурыздан бастап, мына пандемияға қарсы дәрі-дәрмек болсын, азық-түлік болсын, қарапайым халық қиындыққа душар болған еді. Жемқорлыққа қарсы кеңестер болмаса, бұл қалай ушығып кетер еді», – деді Жетісу аудандық ардагерлер төрайымы Тамара Шакирова.

Жиын соңында Ержан Бабақұмаров жобалық кеңсенің 2021 жылға арналған міндеттерін белгілеп, қалалық басқармалар басшылығы мен аудан әкімдіктеріне бірқатар нақты тапсырма берді.

«Қалалық әкімдікпен, басқармалармен, аудандармен  және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе отырып, Алматы жоспарын түзету мәселесін пысықтау қажет. Екінші үлкен жүйелі мәселе – Алматы қаласының негізгі басқармалары мен барлық 8 аудан әкімдігі бойынша сыбайлас жемқорлық себептерін анықтау арқылы тиімді ұсыныс жасау керек. Яғни, алдын алу бойынша іс-шаралар жоспарын құру маңызды болып отыр. Бұл аналитикалық жұмыс болмақ», – деді қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Еске сала кетсек, пандемия кезінде «Алматы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мониторингтік топпен бірге азаматтық белсенділерді тарта отырып, дәріханаларға дәрі-дәрмектің дұрыс жеткізілуін және түрлі мекемелерде карантиндік шаралардың сақталуы бойынша бірқатар шаруалар атқарды. Осылай, шаһарда сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтар деңгейі біршама төмендеген болатын.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев,«Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир