Жетісу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіліп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Ауданы бойынша 20 көшеде жол жабыны ауыстырылады.
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жауын-шашын кезіндегі су басуды болдырмау үшін жыл соңына дейін Жетісу ауданының 27 көшесінде арық желілері салынады. Бұл туралы кеше аудан тұрғындарымен кездескен қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайы Almaty.tv тілшісі.

26 шақырымға жоспарланған жобаның қазір сметалық құжаты дайын. Ал құрылыс 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Әуелгі әңгіме - аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымның жайы. Қазір Жетісу ауданы бойынша мектептегі орын тапшылығы 1600-ге жеткен. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша мұнда тек 3 мекеме жұмыс істейді. Ауданның 50 мыңға жуық азаматы жақын маңдағы Алмалы, Медеу мен Түрксібтегі емханаға баруға мәжбүр.

«Мен Саяхат маңайында тұрамын, біздің үлкен мәселе поликлиника жоқ. Трассадан өтіп пенсионер де, көпбалалы отбасылар да Медеу ауданының №2 поликлиникасына барамыз. Қазір сіз біраз жоспар айттыңыз, соның ішінде біз бармыз ба? Жоқ болса, қашан салынады», – деді  қала тұрғыны

«Саяхат маңайында кеше ғана маған бір проект көрсеткен, соның ішінде поликлиника болады. Жаңа үйлердің жанында», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Ауданның ең өзекті мәселелерінің қатарында су, жарық, жылу желілері бар. Қала басшысы қазір аталған сұрақтар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Көпті алаңдатқан жолдың жайы да биыл шешілмек. Мәселен, жыл соңына дейін Жетісу ауданы бойынша 20 көшеде жол жабыны ауыстырылады. Бұлардан бөлек, кешегі кездесуде азаматтардың әлеуметтік жағдайы да ескеріліп, тұрғындар сауалына жауап берді.

«Полиция департаменті қызметкері, аға лейтенант Нұрғалым Ғазиздің анасымын. Балам қаңтар оқиғасында екі бүйрегіне суық тигізіп, мүгедек болып қалды. Үй кезегінде тұрғанына 17 жыл болды, осы бойынша көмек берсеңіз», – деді қала тұрғыны.

«Мәселе біздің бақылауымызда. 1-маусымға дейін шешу жолдарын қарастырып, сізге жауабын айтамыз», –  деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Жетісу ауданы – қаланың негізгі өнеркәсіптік және сауда орталығы. Бүгінде аталған салаларда 40 мыңға жуық адам еңбек етеді. Алматы ұлғайған сайын, аудан көлемі де артып, соңғы 15 жылда оның құрамына 3 шағын аудан қосылды.

Мадина Оқас, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров