Алматыда нөсер жауын салдарынан су басу қаупі бар саналатын аймақ саны 4 есеге дейін азайды. Осыдан үш жыл бұрын апатты жағдайдағы 67 арық тіркелген еді. Мәселені шұғыл шешу үшін қала әкімдігінің тапсырмасымен кешенді шаралар қабылданды. Нәтижесінде қосымша арық желілері салынып, өзен арналары қайта қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, қала ішіндегі арық желілерін нығайту жұмыстары қалай жүргізілуде? Келер жылға жоспар қандай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толықтырады.
Қала ішінде жаңа арықтар салу мен оларды қайта жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мәселен, биыл 497 шақырым арық желілері салынса, 410 шақырым өзен арналары нығайтылған. Күрделі жұмыстар жүргізу нәтижесінде апатты жағдайдағы 57 арық жойылды.
«Қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, су басу мүмкін аймақтардың алгоритмі қайта жасалды. Нөсер жаңбыр болған жағдайда қолда бар күштер мен мүмкіндіктер қауіпті учаскелерге жұмылдырылды. Қолданылған жедел шаралар әсерінен қауіпті аймақтардың саны төмендеді. Қалған қауіпті деп саналатын 17 учаске бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде», – деді қалалық ТЖД басшысы Серік Әубәкіров.
Қала ішіндегі арықтарды тазалау жұмыстары қыста және жазда жүргізіледі. Биылғы жазғы маусымда оларды тазарту мен ретке келтіру жұмыстарына 165 техника мен 300 жұмысшы тартылған.
«Жалпы қала аумағында 1136 шақырымды құрайтын арық желілері бар. Оның 137 шақырымы қазір су жүйесі ағып, жұмыс жасап тұр. Дәл қазір қалалық Жасыл экономика басқармасының төрағалығымен карта әзірленіп жатыр. Онда біз қаладағы маңызды деген арық жүйелерін анықтап, алдағы жылы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ал, Бостандық, Жетісу және Алмалы ауданында жаңа арық салу жоспарда бар», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
Бұған дейін орталық көшелердегі арықтың қоқысқа толып қалатанын айтып көпшілік шағымданған еді. Енді бұл мәселе де өз шешімін тапты.
БЛИЦ:
– Былтырғыға қарағанда биыл таза. Бұрынғы жылдары бар шашылып жататын. Қоқыс алаңы сияқты тастай салатын. Қазір әр жерге қоқыс жәшіктерін қойып қойған. Соған апарып тастайды. Жаман емес, биыл жақсы.
– Мне кажеться не только требование от государство. Мне кажеться тоже надо граждан подключится. Сейчас лучше стало.
Өздеріңіз көргендей, қала ішіндегі арық желілерін нығайту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жұмыстың жалпы ауқымдылығы 47 шақырымды құрайды. Мұндай жұмыстар қаланың ескі аудандары саналатын Бостандық, Алмалы, Жетісу аудандарында жүргізіліп жатыр. Арық желілерін нығайту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.