Карантин: Алмалы аудандық бақылау тобы шағын және орта бизнес нысандарына рейд жүргізді

Almaty.tv
Almaty.tv
Талаптарды сақтамаған 30 мекеменің жұмысы тоқтатылыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Карантин талаптары қатаңдатылса да, кәсіпкерлер ережені пысқырмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алмалы ауданында келушілерді дәмхананың ішінде қабылдаған тамақтану орны анықталды. Оның үстіне қоғамдық орын санитарлық талаптарды өрескел бұзған. Бүгін мониторингтік топ шағын және орта кәсіп иелерінің жұмыс нысандарын бақылады.

Алмалы аудандық бақылау тобы бүгін бірнеше шағын және орта бизнес нысандарына рейд жасады. Адам аяғы арылмайтын мына асханада санитария нормаларының барлығы дерлік сақталған дейді мамандар.

Келушілердің барлығы бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес далаға көшірілген. Бірақ нысан жанындағы жалпыға ортақ жүргіншілер өтетін аумақты дәмханаға айналдырып жіберіпті. Ал асхана әкімшісі ештеңеден хабарым жоқ дейді.

Ал мына тамақтану орнының халықты жабық жерде қабылдап жатқаны белгілі болды. Ол аздай мұндағы жұмысшылар бетперде, қолғап сияқты жеке қорғаныш құралдарынсыз халыққа қызмет көрсеткен.

Аспаз болып жұмыс істейтін бұл азамат «бетпердемді бір сәтке ғана шештім» деп ақталды. Мамандардың сөзінше, қоғамдық тамақтану орны болғандықтан қызметкерлер маска мен қолғапты міндетті түрде киіп жүруі керек. Бұл жерде мұндай талаптарды үш адам орындамаған. Сондықтан оларға 83340 мың теңге айыппұл салынды.

«Тексеру барысында бұл жерде бірталай кемшіліктер анықталды. Солардың бірі санитарлық талаптардың бұзылуы. Келушілердің дене қызуы өлшенбеді, қолды залалсыздандыратын антисептикте қолданыста болмады. Тіпті қызметкерлердің дене қызуын өлшейтін арнайы журналда тіркелмеген», – дейді Алмалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Әсия Жұбаниязова.

Ал ғимаратты жалға алып нәпақа таппақ болған кәсіп иесі клинеттерді ашық алаңда қабылдау керектігін білмедім деп шарқ ұрды. Онсыз да карантин кесірінен табыстан қағылдық деп шырылдаған азаматша салынған 600 мың теңге айыппұлды қалай өтеймін деп қынжылды.

Ал мамандар заң бәріне ортақ болғандықтан карантин талаптарын қатаң ұстану керектігін қайта-қайта ескертіп келеді. Жалпы Алмалы ауданы бойынша бұған дейін 1400-ден астам нысан тексерілген. Талаптарды сақтамаған 30 мекеменің жұмысы тоқтатылыпты.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров