Боралдай өзенінің арнасы бойындағы жасыл аймақты абаттандыру қашан аяқталады

24.08.2023 02:16

Белсенді аймақта балалар мен спорт алаңдарын салу, теннис үстелдерін орнату жоспарлануда

Almaty-akshamy.kz

Алатау ауданында Боралдай өзенінің бойындағы жасыл аймақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлік ұйыммен жасалған келісім шарт бойынша құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылғы наурызға жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мердігер ұйымның өкілі Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровқа жұмыс сапары барысында айтып өткендей, бүгінде жер жұмыстары аяқталды, 70%-ға нығайту жұмыстары іске асты, екі тоған тазартылды, футбол мен баскетбол алаңдары қоршалды. Сондай-ақ мердігер құрылыс жұмыстары барысында жергілікті тұрғындар 100-ден астам камазбен қалдырған тұрмыстық қоқыс шығарылғанын атап өтті.

Жобада асфальт және жабынды төсеу, қақыс жәшігін, орындықтарды, модульдік санитарлық-гигиеналық тораптарды, сыртқы жарықтандыру және суару жүйесінің тіректерін, су қоймасының айналасына ағаш пирстерді орнату қарастырылған. Белсенді аймақта балалар мен спорт алаңдарын салу, теннис үстелдерін орнату жоспарлануда.

Жобада көгалдандыруға ерекше назар аударылатын болады. Микроклиматты сақтау үшін мамандар 1,5 мыңнан астам ағаш (терек, үйеңкі, жеміс) және 5 мыңға жуық гүлді өсімдіктерді отырғызуды жоспарлап отыр. Ландшафт дизайнерлері гүлзарларды отырғызуға дайындалуда, бөлек аймақта алма ағаштарын отырғызатын қазақ бау- бағы аймағы болады, болашақта мұнда наурыз айында халықтық мерекелер өткізуге, Жапониядағы сакура гүлдеріне ұқсас қызғалдақтардың гүлденуін көруге болады.

Сонымен қатар шағын су қоймасының айналасында лотос пен су лалагүлдерін отырғызатын жапон бақшасының құрылысы қарастырылған. Көгалдандыру жұмыстары суару жүйесін орнатқаннан кейін басталады, су Боралдай өзенінен алынады және қосымша скважина болады.  

Боралдай өзенінің арнасын нығайту жобасы су тасқыны мәселесін шешуге де ықпал етеді, өйткені оған қаланың жоғарғы бөлігінен үш канал мен екі коллектор тартылған.

"Бұл - Алатау ауданындағы алғашқы абаттандырылған жағалау. Ол жергілікті тұрғындар үшін жаңа серуендеу орталығына айналады, ал бұл шамамен 30 мың адам – Саялы, Көкқайнар, Өжет шағынаудан тұрғындары. Қазір Алматының барлық ауданы тең әлеуметтік, көліктік және рекреациялық инфрақұрылыммен және өмірдің жоғары стандарттарымен қамтамасыз етілетін полиорталықтық қағидат бойынша дамып келеді. Бұл жоба полиорталықтың жарқын үлгісі болады", - деді Әлішер Әбдіқадыров.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мердігер ұйымға жұмыс қарқынын арттыру және белгіленген мерзімде жағалауды абаттандыруды сапалы аяқтау тапсырылды.