Жыл соңына дейін Наурызбай ауданында 55 мың тұрғын тіршілік көзімен қамтамасыз етілмек

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкімдік өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Наурызбай ауданында 2 жыл бұрын салына бастаған «Қарғалы» су тазарту стансасының құрылысы биыл аяқталмақ. Осылайша мұндағы 55 мың тұрғын тіршілік көзімен қамтамасыз етілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Гүлжахан Сауданбекова – жаз келсе су тапшылығын көретіндердің бірі. Тұрғынның сөзіне сенсек, кейде тіршілік көзі күн ұзаққа жоғалып, ауыз суды дүкеннен бөшкемен тасыған кездер де болыпты.  

«Шілдеде қатты ыстықта су тамшылап тұрады. Кілемдерді көршінің үйіне апарып жуатынмын. Мына үйді салғанда, құбыр ескі деп рұқсат бермеді», – деді қала тұрғыны Гүлжахан Сауданбекова.

Жұрттың айтуынша, ескі құбыр болғандықтан ауыз су аз ағады.  Ал жергілікті әкімдік өкілі бұл мәселені шешу үшін жаңа желілердің салынып жатқанын айтты. «Қарғалы» су тазарту стансасы арқылы Наурызбай ауданындағы бірқатар шағын аудандар тіршілік көзімен қамтамасыз етілмек.

«Іле-Алатау Ұлттық паркінің жеріне кіріп, 600 метр труба салуымыз керек. Сол себепті министрлікпен келісім-шарттар, оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген ағаштардың сорттары болу себебінен, уақыты созылып жатыр. Жұмыстар, жоспарға сәйкес, жылдың аяғына дейін толық аяқталып, іске қосылатын болады», – деді Наурызбай ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен Қодаров.

Әкімдік өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Айта кетсек, стансаның құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталған.

Су стансасының ішіндегі негізгі құрылғылардың барлығы өзінің тиісті орнына орныққан. Мәселен, мына құбыр арқылы өзен суы арғы жаққа құйылып, ол жерде сүзгіден өтіп, халық таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Оразай Нұртай, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров